Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетіне 95 жыл толды

Биыл Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетіне - 95 жыл.

Білім ордасы бүгінге дейін 200 мыңға жуық мұғалім мен 4 мыңнан аса ғылыми кадрды дайындап шығарды. Қазір жоғары оқу орны заманға сай ғылыми бағытқа ден қойып отыр.

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті алдағы үш жылда жаңа формациядағы 48 мың педагогты оқытып шығарады. Ректор Болат Тілептің айтуынша, мамандардың дені «Жайлы мектеп» бағдарламасымен салынып жатқан мектептерде қызмет етеді. Оған қоса, ғылыми зерттеу бағытына, яғни инновацияға барынша назар аударылады.

Болат Тілеп,Абай атындағы ҚазҰПУ ректоры:

- Біз педагог мамандарды даярлаумен қатар, педагогика саласындағы жаңалықтарды осы саладағы ғылыми жетістіктермен айналысуымыз керек. Ғылыми жұмысты жандандыру керек. Ол басты міндет.Осы бағыт бойынша мәселен оқытушылық құрамның оқыту жүктемесін азайтып олардың ғылыммен, зерттеумен айналысуына мүмкіндік жасауға тырысып жатырмыз. 

Еліміздегі түңғыш жоғары оқу орны 1928 жылы қазан айында ашылған. Екі жылдан соң ҚазПИ болып аталды. 1935 жылы оған ұлы Абайдың есімі берділді.  Институттың  қалыптасуына ұлт зиялылары – Ахмет Байтұрсынұлы, Темірбек Жүргенов, Халел Досмұхамедов, Сәкен Сейфуллин, Ораз Жандосов сияқты  көрнекті қайраткерлер зор үлес қосты. 

Мәмбет Қойгелді, тарихшы, ҚР ҰҒА Академигі:

- Осы университет ашылғанда сол кездегі оқу-ағарту министрі Ораз Жандосов Ахмет Байтұрсынұлын шақырған. Байтұрсынов айтады. Ұлт пен ұлтты, мемлекет пен мемлекет қашан тең болады. Қашан ұлттың мәдениеті жоғары болғанда. Біз мәдениет арқылы ғана басқа ұлттармен теңеле аламыз. Абай атындағы университет содан бері осы міндетті атқарып келеді.

Алғашында жалғыз факультет болған. Одан кейін атауы бірнеше рет өзгерді. Қазір университетте білім беру бағытында жеті институт жұмыс істейді. Жыл сайын білім ордасын 4 мыңға жуық маман бітіріп шығады.  Олардың бірқатары сонда қалып, білімін одан әрі ұштайды. 

 

Берікжан Әлмұханбетов, педагогика ғылымдарының докторы:

- Бұл жер киелі орын. Өйткені бұл жерде Серік Қирабаев ағамыздан бастайық қазақтың төл әдебиетінің атасы ғой, Нығмет Ғабдуллин. Ғабдолла Қалиев сияқты. Қасен Әдібаев сияқты. Рухани адамды байытады. Адамды жебейді. Өзіндік өрісін кеңейтеді. Бұдан артық не дүние осындай қасиет, осындай кие бар. 

Жоғары білімнің қара шаңырағы атанған университет бүгінде әлемнің 25 мемлекетінің 140-қа жуық оқу орнымен әріптестік орнатқан. Бұдан былай да білім беру жүйесіне озық технологияны енгізуді жалғастырады.  Еліміздегі тұңғыш жоғары оқу орнының 95 жылдық мерейтойына арналған салтанатты кеште, оқытушылардың бірқатары марапатқа ие болды. Ал түлектері ән мен жырдан шашу шашты. 

Қарлығаш Қайыпбекова, Валентин Лобанов