Қарағанды облысындағы робот құрастыру сайысына 300 команда келді
Қарағандыда робототехника, бағдарламалау және инновациялық технология құрастырушылардың VIII халықаралық фестивалі өтіп жатыр.
"RoboLand 2023" байқауына Қазақстан, Өзбекстан, Ресей, Қырғыз Республикасы мен Грузия елінен 300 команда келді. Өнертапқыштар бәсекесінің басты ерекшелігі - сайыста ұстаздар мен шәкірттері де бақ сынайды.
Қарағанды облысының атынан сынға түсіп жатқан Санжар Аманжол алтыншы сыныпта оқиды. Жас өнертапқыштың робототехника үйірмесіне қатысқанына екі жыл болды. Осы жолғы фестивальға ол Максим Волковпен бірге робот құрастырып әкелді.
Санжар Аманжол, оқушы:
- Біздің роботты біз екі үш ай жинағанбыз. Өз блокпен жиналады. Біздің жарыста үш-төрт түс бар. Біздің робот үш төрт түсті өту керек. Өз түсіне өзі бал береді. СКЛ Түстердің порядогын береді сол порядокпен жүру керексіз. Если сіз порядокпен жүрмесеңіз 5-10 балға аз береді.
Жасөспірімдердің техникалық туындылары таңқалдырады. Мәселен, роботтардың бірі футбол ойнаса, келесісі аспалы көпірден өтеді. Әділқазылар алқасы он алты аталым бойынша байқау жеңімпаздары мен жүлдегерлерін анықтайды.
Максим Васильев, халықаралық робототехника спорты және білім беру қауымдастығының президенті:
- Әртүрлі аталымның бағалау жүйесі де әркелкі. Мәселен, шығармашылық санаты бар. Онда балалардың жобаға қаншалықты шығармашылықпен келгені сыналады. Жобаның таныстырылымы да жеке бағаланады. Оны түсіндіріп бере алуына, уақыт үнемдеуіне баса назар аударылады. Тапсырманы жылдам орындау ең басты талап.
Биылғы байқауға оқушылармен қатар алғаш рет ұстаздар да қатыстырылды. Жоба жетекшілері жарыс алаңында робот құрастырып, бағдарламалау бойынша өзара сынға түсіп жатыр.
Надежда Василиади, оқытушы:
- Біздің алаң Қазақстанның картасы сияқты. Робот еліміздің аумағын түгелдей өтіп, жекелеген өңірлерде жарысқа түсуі керек. Оның өзіндік кедергілері болады. Алаңның қандай болатынын алдын ала ешкім білмейді. Сондықтан қатысушылардың бәрі роботты осы жерде құрастырып жасайды.
Бақыткүл Әбдікерова, облыстық білімді дамыту оқу-әдістемелік орталығының директоры:
- Бұл жерде мұғалімдер жарысқан кезде ең маңызды бұл бағдарлама жасау болып отыр. Бағдарлама жасау арқылы роботтың рөлін көрсетіп отыр.
Аталған фестиваль алғаш рет 2015 жылы ұйымдастырылды. Содан бері Қарағанды өңіріне Орта азия елдері мен Польша, Сербия, Италия сынды мемлекеттердің жас өнертапқыштары келіп бағын сынады. Жыл сайын өтетін байқау талапты өрендердің талабын шыңдауға ықпал етіп келеді.
Шыңғыс Қалиден, Марина Золотарёва, Сайлау Игіліков