Бостондағы жерлестер Болашақ бағдарламасының 30 жылдығын атап өтті
Бостонда Болашақ бағдарламасымен білім алып, біліктілігін шыңдап жүрген жерлестеріміз мүмкіндіктердің көкжиегіне айналған бағдарламаның 30 жылдығын атап өтті, деп хабарлайды «Хабар 24».
Сан-салада терең білім, толағай тәжірибе жинақтаған ел жастары спорттық шаралар ұйымдастырды. Игі бастамаға шетел азаматтары да атсалысты.
Уран өндірісінің қыр-сырын жетік білетін Нидерланды азаматы Пер Хандер қазақ жастарының жан-жақтылығына, білімге құштарлығына тәнті екенін жасырмайды. Өзі еңбек ететін салмақты салада да алдағы уақытта қазақстандық алғыр жастардың алар асуы мол екеніне сенім артады. Бостонда өтіп жатқан шараның маңында тұратын ол Қазақстанның туын алыстан танып, «Болашақтың» 30 жылдық мерекесінің бел ортасынан табылды.
Пер Хандер, WMC Energy компаниясының өкілі:
- Мен болашақ түлектерімен жұмыс барысында жиі кездесемін. Олар – Батыс елдерінде, Еуропада оқыған жас болса да, өте сауатты, ақылды, бірнеше тілде еркін сөйлейтін мықты мамандар. Сондықтан, меніңше, Болашақ – өте сәтті бағдарлама және елдің дамуына үлкен үлесі бар деп ойлаймын.
Пер Хандер белсенді жастарға берері мол бағдарламаның жылдан жылға маңызы артып келе жатқанын айтады. Қазақстанның болашағы үшін игіліктің бастауы және қайтарымы бар инвестиция деп санайды. Соңғы 30 жылда бағдарлама бойынша 12 448 студент әлемнің үздік оқу орындарында білім алса, оның 3 мыңнан астамы – АҚШ университеттерінің түлектері. Мерейтойға байланысты Бостондағы жастар спорттық шара ұйымдастарды. Олар футболдан, үстел теннисінен, шахматтан жарыс өткізіп, үздіктерді марапаттады. Бостон университетіне қарасты Метрополитен колледжінің деканы өзінің құттықтауын жеткізді.
Татьяна Златаева, Бостондағы Метрополитен колледжінің деканы:
- Бұл мерейтой Қазақстан мен Бостон университеті арасындағы байланыстың 30 жылдығын да айшықтайды. Осы уақыт аралығында біздің жоғарғы оқу орынын жүздеген қазақстандық студент сәтті тәмәмдады. Мен соған қуанамын. Университетіміздегі 17 түрлі мамандықты меңгеріп жатқан студенттер, тағылымдамадан өтіп, зерттеу жүргізіп жатқан азаматтар бар. Жалпы біздің университетті бітірген түлектер Бостон университетінің жан-жақты болуына, қоғамды жаһандандыруда да үлкен үлес қосып жатыр.
Әлемдегі ең озық оқу ордалары орналасқан Бостонда IT, медицина, инженер секілді маңызды салаларда білім алып, жұмыс істеп, тәжірибе жинап, ғылыми жобалармен айналысып жүрген қазақстандық жастар аз емес. Тек оқуға емес, тағылымдамадан өтіп, түрлі тақырыптарды зердеулеуге келген ғаламдар да баршылық. Мұндай байланыс екі тарапқа да тиімді, - дейді америкалық сарапшылар.
Себастьян Пейруз, Эллиот халықаралық қатынастар мектебінің профессоры:
- Біздің институт қазақстандық зерттеушілермен көбірек тығыз байланыс орнатқанды қалаймыз. Сол үшін де бұл – керемет бағдарлама. Ол – жастарға идея алмасып, білім алу үшін үлкен мүмкіндік. Жалпы қос тарапқа да тиімді қарым-қатыныс орнаған, сол үшін де разымын. Жастарды оқытуға, дамытуға жұмсалатын инвестиция әрқашан ақталады.
Жалпы соңғы 30 жылда білім алған жастардың 40%-тен астамы техникалық мамандықты таңдаған. Гуманитарлық бағытта 53, ал медицина бойынша 4,5%-і дайындалып шықты.
Авторы: Нұрбек Бекен.