Түркістан облысында 15 мұғалім Жапонияда білімін жетілдіріп келді
Облыс әкімінің өңірде салынып жатқан «Жайлы мектептерге» білікті мамандарды дайындау тапсырмасы аясында ұстаздар біліктілігін шыңдауға мүмкіндік алды.
Бір апталық оқыту семинарына әр ауданнан бір-бір мұғалім іріктелді.
Жапонияға барып, білімін шыңдап келген мұғалімнің бірі – Мақсат Нарымбетов. Ағылшын тілі пәнінің әдіскері білікті профессорлардың шеберлік сыныбына қатысып, жергілікті мектептердің сабақ өту тәсілін зерттеген. Білімі мен ғылымы озық елде теория мен тәжірибе қатар жүретінін айтады. Жинаған тәжірибесін енді өз шәкірттерімен бөлісуде. Алған әсері мен таңданысын бізбен де білісті.
Мақсат Нарымбетов, ағылшын тілі пәнінің әдіскері:
- 3 сыныпқа барған кезде сабақтың тақырыбы тәтті тоқаш туралы болды. Жергілікті жерге тән етіп, сыртқы формасын дайындайық деген оқушылар арасныда идеалар айтылды. Үш идеяны таңдап алды. Жергілікті наубайханаға ұсынып, кәсіпкерлер тұтынушыларға дайын өнім ретінде ұсынып жатыр.
Токиодағы Оқу семинарында делегаттар жапон білім беру әдістемесін ғана емес, әкімшілік басқару, педагогикалық ұжымдық мәдениет, мұғалімнің кәсіби даму құлшынысы және оқушылардың патриоттық санасын қалыптастыру тәсілдерімен де танысып, тәжірибе жинаған.
Бақытжан Төлімбет, облыстық білім беруді дамыту орталығының басшысы:
- Тошия Чичибу деген «мұғалімнің сабақты зерттеуі» тақырыбында өте көлемді ғылыми мақалалар жазып жүрген ғалым кісі, сол кісінің тәжірибесінде лекциясында болып, теориялық тұрғыдан ғана емес, практикалық тұрғыдан да тәжірибе алмасып, жапон мемлекетінің білім беру жүйесімен танысып қайттық.
Сапар аясында Түркістан облысы Білім беруді дамыту орталығы мен Жапонияның Білім беру саласындағы ұлттық саясат институтының арасында білім беру байланысы орнатылып, бірге зерттеу жұмыстарын жүргізуге келісті. Алдағы 1,5 жылдың ішінде кезең-кезеңімен жүзге тарта Түркістандық мұлғалім күншығыс елінде білімін жетілдіретін болады.
Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш