Алматыда жүрекке инвазивті әдіспен операция жасалды
Алматыдағы кардиологиялық орталықтың дәрігерлері науқастың жүрегіне шағын инвазивті әдіспен операция жасады, деп хабарлайды «Хабар 24».
Яғни, жаңа технологияны қолдана отырып, қатерсіз ісікті алып тастады. Медициналық мекеме мамандарының айтуынша, бұған дейін осыған ұқсас диагнозы бар науқастарға ашық түрде кесу арқылы жасалған. Қазір орталықта ресейлік хирургтар шеберлік сабағын өткізіп жатыр
Ділбар Тәңірбегнованың жасы 58-де. Алматы облысының Шамалған ауылында тұрады. Жүрегінің ауырып жүргеніне 10 шақты жыл болған. Ал соңғы кезде тіптен мазасы кете бастапты. Дәрігерлердің кеңесімен кардиологиялық орталыққа келген. Бұл жердегі мамандар да жүрегінде бөгде зат бар екенін айтқан.
Ділбар Тәңірбергенова, Қарасай ауданының тұрғыны:
-Көкіректерім ауырып, қолдарым тартылып, дәрігерге барып, көрініп, кейіннен УЗИ-ге түстім. Түскен кезде айтты. Жүректе «образование» бар деп. Тез арада жасау керек, әйтпесе инсульт алуыңыз мүмкін деді. Қазір жақсымын. Тез келеді екенсің, корсет кимейді екенсің, көкіректі жарған кезде корсет киіп,ол қиынырақ болады екен.
Бүгін Ділбар Тәңірбергенова үйіне шықты. Операциядан соң ауруханада 10 күн ғана жатқан. Ота жасанды қан айналымы жағдайында аз инвазивті торакоскопиялық алып тастау деп аталады. Күрделі операция 4 сағатқа созылып, сәтті өткен. Оған қатысты шеберлік сағатын ресейлік мамандар жүргізген.
Игорь Демин, медицина ғылымының кандидаты:
- Кардиохирургияның көмегіне зәру адамдар Қазақстанда ғана емес, әлем бойынша өсіп отыр. Дегенмен жаңа технология дамып келеді. Хирургтар бір-бірімізбен білгенімізді бөлісіп, тәжірибе алмасамыз. Бастысы ауруды дер кезінде анықтау керек. Ауыр жағдайға жеткізбеген жөн.
Бұл операция кезінде науқастың жарақаты аз болады. Одан кейін асқыну қаупі де төмен. Ота оптикалық құрылғы – эндоскоп арқылы жүзеге асырылады. Дәрігерлер диаметрі 4 см-дей болатын ісікті алып тастады.
Нұржан Мүсірепов, кардиологиялық орталықтың бөлім меңгерушісі:
- Төс кесілген кезде біраз шектеудер болады. Қырынан жатуға болмайды. Қалпына келу мерзімі ұзарады. Бірнеше ай қырынан жатқызбаймыз. Жаңа әдістеме бойынша жасалатын операцияда ондай шектеулер жоқ. Қабырға арасын кесіп 4-5 см жара арқылы жасалатын ота. Салыстырмалы түрде біздің классикалық операция жасалса, төстің ортасын ашып жасалған операцияда 2-3 айға дейін шектеулер бар. Мына науқастар 10 күннен кейін ешқандай шектеусіз өмірлерін сүре береді тез қалпына келеді.
Кардиохирургтың айтуынша, миксома – жүректің қуыс ішілік қатерсіз ісігі. Көбінесе 30-дан 50 жасқа дейін кездеседі. Кардиологиялық орталықтың дәрігерлері жүректі емдеуге қатысты басқа да озық әдістерді енгізуді жалғастыра береміз дейді.
Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Сұлтан Бейскенов.