Қазақстан роботехника олимпиадасында топ жарды
Қазақстан командасы роботехникадан Панама-Ситиде өткен Дүниежүзілік олимпиадада жүзден жүйрік шығып, жеңіс тұғырынан көрінді, деп хабарлайды «Хабар 24».
Тұңғыш рет ел қоржыны 2 күміс, 4 қола медальмен толықты. Сайысқа әлемнің 81 елінің өрендері қатысты.
Дүниежүзілік додаға Қазақстан командасы биыл осымен 5-ші рет қатысты. Ұлттық құрама сапында ел намысын Таиланд, Венгрия және Германияда өткен олимпиадаларда жүзден жүйрік шыққан жас өрендер қорғады.
Жанарыс Қапаров, жарыс жүлдегері:
- Бұл – менің осындай халықаралық сайысқа 2-ші рет келуім. Осыған дейін Дортмунда болған сайысқа қатыстым. Шынымды айтсам, биыл өзімді еркін әрі сенімді ұстадым. Жарыстың 1-ші күні-ақ жақсы нәтиже көрсеттім. Жалпы роботехникада ең бастысы, логикаң мықты болу керек.
Роботехника елімізде енді ғана қанатын жайып келеді. Қызығатындар жыл санап артып жатыр. Әсіресе мектеп оқушыларының арасында кеңінен танымал. Панамадағы жеңіс – соның жемісі, - дейді қазақстандық бапкер.
Мирас Мұратханов, Қазақстан құрамасының бапкері:
- Әлемнің түкпір-түкпірінен келген мыңдаған оқушылар, барлығы осы бір олимпиада үшін, барлығы бір осы мақсат үшін, барлығы бір бәсеке үшін келіп отыр және бұл мен үшін өте әсерлі болып келеді.
Халықаралық сайыста Қазақстан тарапы АҚШ, Қытай және Әзербайжанның танымал робототехника мектеп клубтарымен бірлесіп жұмыс істеуге өзара меморандумға қол қойды.
Уйльям Уонг, сайысты ұйымдастырушы:
- Алдағы уақытта Қазақстанмен бірге жұмыс істеуге ниеттіміз. Себебі қазақстандық оқушылар өте талантты. Бүгінгі жарыста бізді тәнті етті.
Цифрлық технология, жасанды интеллект – бүгінгі заман талабы. Жерлестеріміз Қазақстанды жаһандық IT кеңістікте үздік танытып, елімізде әлемдік стандартқа сай жобалар жасауға лайықты екенін тағы бір дәлелдеді.
Авторы: Фариза Жанғанаева.