Калифорнияда қазақ тілі сабағы өтеді
АҚШ-тың Лос Анджелес қаласында әр сенбі сайын қазақ тілі сабағы өтеді.
Шетелде өсіп келе жатқан бүлдіршіндердің ана тілімен байланысын нығайту үшін жергілікті қандастарымыз осындай игі жобаны қолға алды.
Әр сенбі Калифорния қауымдастығының орталығы туған тілінде оқып, жазуға ынта білдірген балаларға толады. Аптасына бес рет таңнан кешке дейін мектепте жүрген оқушыларды демалыс күні тағы да партаға отырғызу оңай емес. Сондықтан мұғалімдер сабақты мейлінше жеңіл түрде өткізеді.
Гүлнар Бөрібаева, Калифорния қазақ қауымдастығының ерікті қазақ тілі мұғалімі, PHD:
- Біз оқу бағдарламасын өзіміз жасадық. Бәрін осы балаларға арнап әзірледік. Құрал жабдықтар жетіспей жатады. Еріктілеріміз көмектеседі.
Тіл үйретуші Гүлнар сабақты ерікті түрде береді. Лос Анджелестегі қазақша курс екі жылдан бері жұмыс істейді. Апта сайын кемі жиырма бала жиналады. Бірақ оқушылардың жас шамалары да білім деңгейі де әр түрлі. АҚШ-та туып, тілі ағылшынша шыққандары да бар.
Екі жылдан соң балалардың тіл сындыруы да жаман емес. Ата аналар да Қазақстанға барғанда балалар тосырқап қалмайтындай деңгейде деп қуанып отыр.
Айман Бердібай, Лос Анджелес тұрғыны, студент:
- Екі жылдан бері осында келіп жүрміз. Бізге көмегі болып жатыр. Балалар ағылшын мектебінде оқығасын, тілдері бейімделіп кетеді. Ал мында келіп, қазақ тілін сақтап жүр.
Қауымдастық қазақ тілі үйірмесіне қатысатын балалардың санын арттыруға ниетті. Еріктілер ебін тауып, барын ұқсатып, балаларға білім беруді жалғастыра бермек.