Жаңаауылда қазақ мектебі ашылды
Өзбекстанда Жаңаауыл деген елді мекен бар.
Осы Жаңаауылда қазақ мектебі ашылды.
Мұнда бұған дейін 1963 жылы салынған білім ордасы болған екен. Енді ескі ғимарат сүріліп, орнына жаңасы салынды.
Бостандық ауданына қарасты Жаңаауыл елдімекенінің тұрғындары үшін бұл - көптен күткен қуаныш. Жергілікті жұрт жаңа мектептің салынуын ұзақ күтті. Бұрынғы ғимаратта спорт және акт залы болмаған. 1963 жылы салынған нысан ескіріп те қалған еді. Енді жаңаауылдық өрендерді мұндай мәселе алаңдатпайды. 100 орындық акт залында ұлттық аспаптарды үйренуге, шағын шығармашылық кештер де ұйымдастыруға болады. Ал спортқа бейім оқушылар шеберлігін мектеп жасынан шыңдай бастайды.
Әлиасқар Құрбанбаев, мектеп директоры:
- Кезінде басқа мектептер 8 жылдық болса, бұл мектеп 10 жылдық болған. Ол уақыттарда мұнда 8 сынып орналасқан, екі ауысымда толық оқыған. Жалпы саны 500 бала білім алатын. Ал 2008 жылы мемлекеттің қолдауымен ескі мектептің жанынан 300 орындық тағы бір білім ордасы құрылып, екеуібір мектеп саналды. Онда сабақ беруге арналған 10 сынып бар. Осы мектепті салу кезінде спортзалдың құрылысы аяқталмай қалды. Біз біраз жерге шағым түсірдік, ауыл азаматтары біршама жерге барды.
Яғни білім беру мекемесі екі ғимараттан тұрады. Бірінші бөлігінде 300 адам оқыса, жаңадан салынғаны 120 орынға шақталып отыр. Мұнда негізінен бастауыш сыныптар оқиды. Қазір мектептің қос бөлігінде жалпы саны 420-ға жуық оқушы білім алып жүр.
Ұлдана Дәулетова, Құрылыс компаниясы директорының орынбасары:
- Біз 2022 жылы құжаттарды рәсімдеу жұмысымен айналыстық. Кейін ел үкіметі бұл мектептің құрылысын 2023 жылдың жоспарына енгізіп берді. Құрылысы биыл қазан айында аяқталды. Білім ордасы барлық заман талабына сай келеді.
Ауданда 50-ге тарта мектеп бар. Соның 18-і қазақ тілінде білім береді. Түлектер түрлі салада жетістікке жетіп жүр. Әсіресе спортшылардың қарасы қалың. Бостандықта туып-өсіп, әлем және олимпиада ойындарын бағындырған қандастарымыз бар.
Өзбекстандағы мектептер саны 10 мыңға жуық. Ал қазақ жастары оқитын білім ошақтары 370. Кейінгі кезде олардың жоғары оқу орнына түсу мүмкіндігі жоғарылады. Себебі емтиханды ана тілінде тапсырып жатыр. Соның арқасында мектеп бітіргендердің шамамен 30 пайызы университет студенті атанып жүр.
Авторы: Рауан Мыңбаев