Робототехникаға қызығушылар үшін Almaty TechCup-2023 чемпионаты басталды

Робототехникаға қызыққан балалар Алматыда бас қосты.

Себебі Almaty TechCup-2023 чемпионаты басталды. Оқушылар мен студенттер инновациялық жобаларын таныстырып, өзара бақ сынауды. Үздіктер ақшалай сыйлық пен білім гранттарына ие болады.

Алматының ашық чемпионаты осымен тоғызыншы рет ұйымдастырылып отыр. Дәстүрлі жарысқа республиканың әр өңірінен жеңімпаз атанған 2 мыңнан аса оқушы қатысуда. Олар жас ерекшеліктеріне қарай бақ сынайды. Бір тобы дрондарды ұшырып жарысса, екіншілері роботтарды құрастырып, арнайы тапсырмаларды орындайды.

Олжас Санатұлы, чемпионатқа қатысушы:

- Біздің робот 360 градусқа айналады, меканум дөңгелегімен жабдықталған және өзінің екі қолы бар хэнк және гриппері бар. Осы арқылы біздің робот жаңағы пикселдерді қысып, керекті жерге орналастырады. Солай біз көп балл жинау арқылы жеңеміз.

6-10 жас аралығындағы балдырғандардың да жарысы тартысты өтуде. Оларға конструктордан ойыншық жасау тапсырылған. Ойыншықтың тек сыртқы пішіні емес, мазмұнына да мән берген балалар көп. Мысалы, Екібастұздан келген оқушылар екі айда цирктің макетін істепті.

Мирон Ефимцев, чемпионатқа қатысушы:

- Біз цирктегі жануарларды жаттықтырудағы қатігездікке назар аудардық. Аңдарға белгілі бір қимылды үйрету үшін жаттықтырушылар оларды ұрып-соғады. Қатты қысым көрген аю немесе жолбарыс сынды жыртқыш аңдар қойылым кезінде адамдарға шабуыл жасаған жәйттер болған.

Чемпионаттың мақсаты STEM дағдыларын дамыту. Оқушылар мен студенттердің цифрлық технологиялар туралы білімін жетілдіріп, ғылым мен техникаға деген қызығушылығын күшейту.

Гүлнұр Кәрімғажы, қалалық білім басқармасы "Алматы дарыны" орталығының директоры:

- Былтырғы жылы біз Америкада чемпинатта болдық. Ол жерде 45 мыңнан астам оқушы қатысқан. Дәл сол атмосфераны бүгінгі күні бздің оқушыларға сыйлау болды. Жалпы робототехникадан чемпионат оқушыларды бір-біріне көмек көрсету, командада жұмыс істеу, инженерлік бағытта өздерінің дағдыларын дамыту мақсатында өткізіледі.

Чемпионатқа жолдама алған 140 команда екі күн бақ сынайды. Ертең әр аталым бойынша жеңімпаздар марапатталады. Жарыстың жүлде қоры 10 миллион теңге. Оған қоса, жеңімпаздарға Алматыдағы техникалық университеттерден грант беріледі. Сондай-ақ шет елдерде өтетін чемпионаттарға жолдама алады. 

Аршын Кемелжан, Әбен Нарымбаев