Қазақ студенттері әлемдік ЖОО-да білім алады
Жаһандық рейтингтегі жетекші университеттер Қазақстанға келіп жатыр.
Қазірдің өзінде елдің әр өңірінде 8 шетелдік білім ордасы жұмыс істейді. Бұл білім сапасын арттырып, салаға халықаралық стандарттарды енгізуге мүмкіндік береді. Жақын арада елге келуге ниет білдіріп отырған университеттер де бар екен.
Жуырда қазақ студенттеріне Гонконг оқытушылары жасанды интелекттің қыр-сырын оқытуды бастайды. Алматыдағы Сәтпаев Университетінің жанынан белді СityU жоғарғы оқу орны өз филиалын ашады. Білім ордасы жаһан сарапшыларының жоғары бағасына ие. Ғылыми зерттеуге басымдық береді. Енді жиған тәжірибесін отандық мамандар мен студенттерге үйретуді жоспарлап отыр.
Мейрам Бегентаев, Satbayev University басқарма төрағасы – ректор:
- Бұл бастама жаңа білім мазмұнын бірлесе дамытуға мүмкіндік береді. Қысқа мерзімде сұранысқа ие болатын мамандықтарды оқыту көзделген. Біз ғылыми зерттеулерді жүргізіп, жасанды интеллект жөніндегі орталық ашуды жоспарлап отырмыз. Бағдарлама шеңберінде ғалымдар тәжірибе алмасады.
Әлемнің жетекші жоғары оқу орындарының Қазақстанға деген қызығушылығы артып келеді. Мәселен, елде Аризона және ресейлік 2 университеттің филиалы ашылды. Биыл Шотландия, Польша, Италия елдерінің университеттері өз филиалдарын ашып, біздің жастарды оқытуға кірісті.
Саясат Нұрбек, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі:
- Қазақстанда қандай университеттердің филиалдарын ашу керектігі жөнінде біздің нақты жоспарымыз, көзқарасымыз бар. 3 талап қойып отырмыз. Бірінші ЖОО-ның рейтингіне назар аударамыз. Сосын инженерлік-техникалық бағытта маман даярлауы тиіс. Үшіншісі, біздің елмен жақсы дипломатиялық қарым-қатынас орнатқан мемлекеттің университеті болуы шарт.
Шетелдік университеттердің филиалдарын ашу жұмысы елде ғылым мен жоғары білімді дамытудың тұжырымдамасы аясында жүріп жатыр. Былтыр Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылға дейін кем дегенде 5 шетелдік ЖОО-ның филиалын ашуды тапсырған еді. Тапсырма біртіндеп орындалып жатыр. Таяуда Сеулдің белді оқу ордасы елге келуі мүмкін. Ал министрлік бұл жұмыспен қатар қазақстандық университеттердің де беделін арттырып, білім сапасын арттыруды жалғастырады.
Авторы: Бекзат Аманов.