Риддерде оқушылар қашықтан оқып жатыр
Риддерде бастауыштан 8-сыныпқа дейін қашықтан оқып жатыр.
Ал жоғарғы сынып оқушылары сабақта сырт киіммен отыр. Қатты аязда мектептер суып кеткен. Балабақшалар да азынап тұр, - дейді білім беру басқармасындағылар. Соңғы күндері тұрғындардан да шағым көбейген. Ал жергілікті атқарушы билік өкілдері жылу электр орталығының штаттық режимде жұмыс істеп тұрғанын айтты. 4 қазандық іске қосылған. Дегенмен мектептер жылымайынша, балалар қашықтан оқи береді, - дейді жауаптылар.
Инесса Чернышёва, ШҚО білім басқармасының басшысы:
- Қазір кейбір мектептер жылу тарататын қосымша электр қондырғыларын пайдалануға мәжбүр. Осы арқылы сыныпта санитарлық нормаға сай, жылы, жайлы атмосфера жасауға тырысып жатыр. Басқа амал жоқ. Қалыпты температуралық режимге оралған соң ғана балалар толықтай мектепте оқитын болады.
Дәулет Батырбаев, Риддер қаласының әкімі:
- Жылу орталығында орта қысымдағы 3 және жоғары қысымда 1 қазандық жұмыс істеп тұр. Жалпы 220 тонна бу өндіріледі. Бұл шаһарды жылумен қамтуға жетерлік. Дегенмен жылу құбырының 90%-ке жуығы тозған. Сонымен қатар көптеген үйлерде ішкі жылу жүйелерін қысқа дайындау жұмыстары жүргізілмеген. Бұған қоса арнайы қондырғыларды заңсыз орнатып, жылуды өздеріне бұрып алу жағдайлары да тіркеліп жатыр.