Орта білім саласында бірқатар жаңашылдық бар
Білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры жемқорлардан қайтарылған 151 млрд-ты жаратып жатыр.
Қаражат бірінші кезекте мектептерді қалпына келтіру үшін, кейбір бітпей қалған құрылыстарды аяқтау үшін және жаңа мектептерді салып бітіру үшін жұмсалады. Орта білім саласында жыл бойы атқарылған істердің ең маңызды дегендерін тілшіміз түгендеп көрді.
Астанадағы №96 мектеп-гимназия жемқорлардың қаржысына салынды. Жуырда бұл мектепті Президент өзі ашып берді. Мектеп 1,5 мыңға жуық оқушыға лайықталған. Ел бойынша жемқорлардан қайтарылған ақшаның 96,5 млрд-ына 62 мектеп қаржыландырылды. Бұл – білім инфрақұрылымын қолдау қорының қаражаты. Ал республика бойынша осы жылы 165 мектеп пайдалануға берілді. Онда 137 мың оқушы білім ала бастады.
Ғани Бейсембаев, ҚР Оқу-ағарту министрі:
- Бұл мектептерді іске қосу арқылы 12 апатты және 29 үш ауысымды мектептің, 32 тозығы жеткен мектептің мәселесін шешуге ықпал етіп отыр. Алдағы 2 жылда 740 мың орындық 369 жайлы мектеп салу көзделіп отыр. Сондай-ақ 210 мектепті күрделі жөндеу аяқталды. Қала мен ауылдың білім беру сапасының алшақтығын қысқарту мақсатында 1000 ауыл мектебін жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Мектепке дейінгі білім беруде де біраз жаңашылдық қолға алынды. «Балабақшаға есепке алудың бірыңғай базасы» енді орындарды ашық әрі әділ бөлуге мүмкіндік береді. Бұл жоба 2 облыста пилоттық режимде жұмыс істей бастады. Сондай-ақ 1 қыркүйектен бастап 97 мыңнан астам бөбек тегін ыстық тамақпен қамтылып отыр. Бұл – әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға арнайы көмек. Игі бастама орта білім ошақтарында да енгізілді.
Ғани Бейсембаев, ҚР Оқу-ағарту министрі:
- Бұған дейін еліміздегі 9 өңірде ғана оқушылар тегін ыстық тамақпен қамтылып келсе, биылғы 1 қыркүйектен бастап барлық өңірдегі 1,4 млн бастауыш сынып оқушысы мен 5-11 сыныптар аралығындағы 200 мың әлеуметтік аз қамтылған отбасының балалары мектептерде тегін ыстық тамақпен қамтылып отыр.
Биыл білім саласын жетілдіруге қатысты 4 заң қабылданды. Парламентшілер елдегі орта және жоғары білім деңгейін арттыру мақсатында заңнамалық жетілдіру жұмыстарын одан әрі жалғастырады. Білім ошақтарының құрылысына қаржы республикалық бюджет есебінен, мемлекеттік-жекеменшік серіктестік, кәсіпкерлік тарапынан тартылып отыр. Сондай-ақ шетелден қайтарылған қаражаттың бір бөлігі мектептің құрылысын қаржыландыруға бағытталды.
Әсем Рахметова, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
- 2024-2026 жылдарға арналған бюджетті қарастырған кезде әлеуметтік салаға 40%-тен аса бөлініп жатыр, соның ішіндегі үлкен үлесі – бұл білім беру саласы. Сонымен қатар бүгінгі таңда жаңа мектептердің құрылысына ерекше көңіл бөлініп отыр. Одан кейін оларды техникалық жарақтау мәселесіне ерекше көңіл бөлініп отыр. Содан кейін үлкен жұмыс, өздеріңіз білесіздер, мұғалімдердің мәртебесін көтеруге арнайы заң қабылданды. Яғни, білім саласындағы өзгерістер көпшіліктің көңілінен шығып жатыр деп ойлаймын.
Білім саласындағы айшықты оқиғаның бірі – «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы. Биыл 460 мыңнан астам оқушыға арналған 217 мектептің құрылысы басталды. Бұл – ескі типтегі білім ошақтарынан бөлек, ыңғайлы әрі заманауи ғимараттар. Онда сапалы білім мен тәрбие берудің үздік әдістемелері кеңінен қолданылады.