Қызылорда облысының мектептерінде былық көп
Қызылорда облысындағы мектепте психикалық ауытқушылығы үшін медициналық есепке алынған азамат сабақ беріп келген.
Ал тағы бір оқу ошағында бұрын «жеңгетайлық» үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылған адам қызмет етіпті. Мұнан бөлек, 26 білім ұясына мұғалімдер тиісті байқаудан өтпей-ақ жұмысқа қабылданған. Қызылордалық прокурорлар жүргізген тексеру барысында осындай 200-ден астам жаға ұстатарлық дерек анықталды. Санитарлық-эпидемиологиялық және өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзған мектептер де аз емес. Тіпті информатика сабағында оқушылар бақылаусыз қалып, құмар ойындарға арналған сайттарға еркін кіруге мүмкіндік берілген.
Әділжан Сыздықов, облыстық прокуратура басқарма бастығының орынбасары:
- Сондай-ақ мектептерде жеке күзет қызметтері бар. Солардың қызметіне де тексеру жүргізіп жатыр. Ол тексерумен бұрын адам өлтіру, зорлау және басқа да ауыр қылмыстар үшін қылмыстық жаза өтеген адамдардың білім беру ұйымдарында күзет қызметін көрсетіп жатқаны анықталды.