Оқулықтардағы қателер: сынның астарында шындық бар ма?
Бүгінде мұғалімдердің біліктілігі, мектеп сапасы, санына қатысты сын айтушылар көп.
Бірақ одан да өткір тұрған мәселе оқулықтардағы қателерге қатысты сын секілді көрінеді. Кейде ата-аналар әлеуметтік желілерде дау көтеріп, жабылып, баспаларды сынап жатады. Біз бүгін осы сынның астарында қандай шындық бар деген сауалға жауап іздеп көрдік.
2016-2020 жылдар аралығында 1-11 сынып оқулықтарының жаңарғаны белгілі. Мамандар осы аралықта айтылған 100-ге жуық мәлімдемені жинап, талдапты. Оқулықтарға қатысты сынның 82%-і – әлеуметтік желілердегі жазбалар. Қалған 18%-і жазбаша жіберілген ескертпелер екен. Бір қызығы, кітаптардың мазмұнына қатысты сын айтатындар – эксперттер емес, салаға мүлдем қатысы жоқ азаматтар.
Сол 100 ескертпенің шамамен 75%-і шындыққа жанаспайтын болып шықты. Шағымдардың 31%-і – арыз айтушылардың субъективті көзқарасы, - дейді мамандар. 12%-і тіпті шындыққа жанаспайды. Азаматтар фейк ақпараттарды оқып алып, жалған ақпарат негізінде кітап сапасына қатысты пікір жазған. Тағы 21%-інің оқу бағдарламасы жөнінде нақты әрі терең ақпараты жоқ болып шықты. Шағым айтушылардың 10%-і оқу әдістемесінің не екенін түсінбейді. Бірақ эксперттік деңгейде сынай алам деп есептейді.
Ал сын ескерпелердің 25%-інің астарында шындық бар. Шағымдардың 18%-ін тексере келе, жаңа кітаптарда техникалық қателердің бары анықталды. Шағым қалдырушылардың 6%-і фактологиялық қателерді тауып берген. 1,5%-і аударма кезінде жіберілген олқылықтарды ашып берді. Демек сын-ескертпелердің сүбелі бөлігі бос әуреге салыну болғанымен, төрттен бірінің астарында шындық жатыр.