«Каспий Нефть» компаниясы оқу платформасын жасап шығарды
Оның көмегімен еңбек ұжымы АҚШ, Ұлыбритания сияқты әлемнің әр түкпіріндегі озық мамандармен тәжірибе алмасу мүмкіндігіне ие.
Бүгінде компания өз қызметкерлердің кәсіби өсуіне, жан-жақты білім алуына бар жағдай жасап келеді.
«Caspiy Neft Bilim» оқу платформасы үлкен мүмкіндіктерге жол ашады. Бүгінде «Каспий Нефть» компаниясының қызметкерлері жаңа білімді игеріп, басқа саланың да қыр-сырына қаныға алады. Бар кеткен шығын компания есебінен өтеледі. Бұдан бөлек «Каспий Нефть» мотивациялық жүйе қалыптасқан. Яғни өздігінен курстарға барып, әріптестеріне білген-түйгенін үйрететін қызметкерлерге бонустар қарастырылады.
Ботагөз Ермекова, «Каспий Нефть» АҚ HR басқарушы директоры:
- Біздегі мотивациялық бонус жүйесі өте ерекше. Мысалы қандай да қызметкеріміз курстан өтіп, әріптестеріне презентациялық сабақтар өткізіп жатса, бонусқа кенеледі. Демек бұл компанияда даму мәдениетін қалыптастыруға, өз-өзін әрдайым жетілдіруге зор мотивация береді.
Бұл әдіс қызметкерлердің жеке тұлға боп өсуіне және жұмыс процестерін жақсартуға ықпал етеді. Сонымен қатар, саладағы әлем көшбасшыларынан көп нәрсе үйреніп, соңғы жетістіктерден хабардар бола алады. Жақында компания қызметкері «Caspiy Neft Bilim» бағдарламасы аясында мұнай-газ саласы бойынша кәсіби ағылшын тілі мен менеджмент курстарын меңгеріп, көпшілікке тәжірибесін ұсынды.
Армат Қайырғалиев, ауысым диспетчері:
- «Caspiy Neft Bilim» корпоративті университетінде мұнай-газ саласындағы кәсіби ағылшын тілі курсын меңгеріп шықтым. Бұл менің мамандығыма деген көзқарасымды өзгертті. Алған білімді тұрмыста, өз саламда пайдаландым. Адамдармен жиі қарым-қатынаста болғандықтан, одан әрі менеджмент курстарынан өттім.
«Каспий Нефть» компаниясы инновация, техникалық жабдықтау, сонымен бірге кәсіби өсу мен білімін ұдайы жетілдіріп отыратын қызметкерлерге мән беріп, бар жағдай жасап келеді.
Авторы: Данияр Сұлтанұлы