Павлодарлық оқушы қырғызстаннан жүлделі оралды

Павлодарлық оқушы Қырғызстанда өткен Дельфий ойындарында топ жарды.

13 жасар Ламина Шегебаева «Ым-ишара әні» бағыты бойынша жеңімпаз атанды.

Ламина Шегебаева алдымен хареографияға, кейін ән айтуға қызығушылық танытқан. Осы үйірмеге келіп жүргеніне бірнеше жыл болыпты. Оқушы мен жетекшісінің тынымсыз еңбегі жемісін берді. Ламина «Дельфий ойындары - Ұлы Жібек жолында» халықаралық байқауында бірінші орынға ие болды.

Айсана Қажыкенова, педагог-ұйімдастырушы:

– Балалардың шығармашылық қабілеттерін дамыту жұмысы жаныма жақын. Өзім де осы мектепте оқығанмын. Ламина екеуміз Дельфий ойындарына бірнеше ай дайындалдық. Ән айту үшін би билеп, ым-ишара тілінде әндету жеткіліксіз. Бала шығарманың мәнін түсініп, эмоцияны көрермендерге жеткізе білу керек. Дайындық барысында осыған баса назар аудардық.

Ламина алдымен Қазақстанда өткен Дельфий ойындарында бақ сынаған. Кейін халықаралық кезеңге жолдама алды. Ендігі мақсаты – Өзбекстанда өтетін шығармашылық жарыста ел намысын абыроймен қорғау.

Ламина Шегебаева, Дельфий ойындарының жеңімпазы:

- Бишкекте бақ сынағаныма қуаныштымын. Барымды салуға тырыстым. Ата-анам, мұғалімдерім қолдау көрсетті. Үлкен сахнада ән айту мен үшін үлкен тәжірибе. Дайындық басталған кезде қиын болды. Кейін әннің сөзін жаттап алып, түсіне бастадым.

Клоунадо, ән, би, жеңіл атлетика және қазақ ұлттық ойындары. Мектеп-интернатында оқушылардың шығармашылық қабілетін дамытуға бар жағдай жасалған. Сонымен қатар, тігін және шаштараз ісі бағыттары бар.

Самал Хасанова, №1 арнайы кешен балабақша-мектеп-интернаты жетекшісінің орынбасары:

- Мектепте үйірме жұмысы дамыған. Спорт және шығармашылық бағытта жұмыс істейміз. Волейбол, жеңіл атлетика, тоғызқұмалақ, ұлттық ойындар секциялары бар. Біздің балалар көптеген жарыстың жеңімпазы. Бүгінде жүздеген оқушы үйірмелік жұмыспен қамтылған.

Облыс орталығындағы №1 арнайы мектеп-интернаты талай баланың жұлдызын жаққан білім ордасы. Бұған дейін білім ордасының шәкірттері халықаралық және республикалық деңгейдегі байқауларда үздік атанды. Ламина Шегебаеваның жеңісі – солардың бір парасы ғана.

Ақмарал Есімханова, Дәулет Қошқарбаева, Марат Игіліков, 24.KZ, Павлодар.