Павлодарлық жастар IT фестивальде стартап жобаларын таныстырды

Кәсіби спортшыларға арналған цифрлық платформа, экологиялық кірпіш, қазақ тілін оңай үйрететін мобильді қосымша.

Павлодарлық жастар IT фестиваль шеңберінде өздерінің стартап жобаларын таныстырды.

Мақсат – іріктелген үздік жобаларға инвестиция тартып, жүзеге асуына қолдау көрсету.

Ілияс Қайрақанов болашақ техник-бағдарламашы. Ол колледжде құрылған  командасымен «Көшпенді» деп аталатын  қосымша ойлап тапқан. Онда 500-ден астам кәсіби спортшы туралы ақпарат жинақталған.

Ілияс Қайрақанов, жоба авторы:
-
Біз спортшылар туралы барлық ақпаратты сандық форматқа көшіреміз. Осындай платформалар шетелде дамыған. Қысқасы мобильді қосымша атлеттер үшін түйіндеме, портфолио ретінде қызмет атқарады. Болашақта жобамызды салалық министрлікке ұсынамыз. Қолдау болса дамытамыз.

Ал мынау онлайн-платформа арқылы 6 жастан асқан балақайлар қазақ тілін ойын түрінде тез үйрене алады. Әзірге оның бастапқы нұсқасы қолжетімді.  «Баулу» жобасын жүзеге асыруға студенттермен қатар қазақ тілінің мамандары атсалысады. Бүлдіршіндердің сөздік қорын молайту мақсатында мобильді қосымшада бірінші кезеңде екі мың сөз қамтылады.

Аида Талғатқызы, жоба авторы:
-
Екі апта бұрын стартап апталығында 50 мың теңге қаржылай сыйлықты ұтып алған болатынбыз. Бұл қосымша мобильді қосымша болғандықтан, IT саласынан бізге қаржыландыру, көмек, жұмыс жасалу керек. Алдағы уақытта жобаны тастап кетпейміз.

IT фестивальге 10-ға жуық команда қатысты. Стартап жобалар міндетті түрде кәсіпкерлер мен мемлекеттік мекемелердің назарына ұсынылады.

Нұрсипат Түлібай, Astana-Hub халықаралық IT-стартаптар технопаркінің аймақтағы өкілі:
-
Олар бұған дейін стартап апталықтарына қатысты. Сала мамандары жобаларды көріп, ұнағандарын іріктеп алды. Олардың қатарында ауыл шаруашылығы, энергетика, экология және өзге де бағыттағы стартаптар болды. Десе де, біз цифрлық технологияларға негізделген өнімдерге басымдық бердік.

Ақпараттық технологияларды дамытуға ынталы креативті жастар үшін өңірде бар жағдай жасалған. Мектептер мен колледждердің материалдық-техникалық базасы соңғы үлгіде жабдықталған. «Ал осындай фестивальдердің тұрақты өтуі өзара бәсекелестікті дамытып, алға ұмтылуға жігер береді», - дейді ұйымдастырушылар.

Авторлары: Ақмарал Есімханова, Марат Игіліков