Мектеп тапшылығы. Демография құрылысқа күш бермейді

Түркістан облысында мектеп тапшылығы мәселесі өткір болып тұр. Дәлірек айтқанда 127 нысан күрделі жөндеуді қажет етеді.

Ал кейбірі апаттық жағдайда тұр. Аймақта жаңа мектептер салынып жатыр. Дегенмен халық санының артуына байланысты балаларды білім ошағымен қамту оңай болмай тұр.  

Жалпы Түркістан облысына қанша мектеп жетпейді? Қаншасы салынып жатыр?

Бұл жақында ғана пайдалануға берілген Келес ауданы Ошақты елді мекенінде орналасқан Абай атындағы жалпы орта мектебінің 300 орындық қосымша ғимараты. Жалпы бұл мектептің өзі өткен ғасырдың 70-жылдары салынған. Ол кезде бала саны аз болатын. Қазір мыңнан аса оқушы білім алады. Сондықтан қосымша ғимарат қажет болды. Сыймағандары көрші ауылға қатынап оқыды.

Тұрсынай Аманжолова, ауыл тұрғыны:

- Бұған дейін біздің немелеріміз 10-15 шақырымға баратын. Өзіміздің жеке көлігіміз жоқ. Бары өздері барады, тасымалдайтын. Олар келгенше біз ойланып отыратынбыз. Балаларымыз қалай барып, қалай келеді деп. Міне енді өзіміздің ауылымызда ашылды. Осыған өте қуаныштымыз.

Қазір мектеп тапшылығы – басшылардың ғана емес, өңір халқының да басты мәселесіне айналды. Облыста жылына 20-дан астам мектеп пайдалануға берілсе де, халық санының өсуінен сұраныс сейілер емес. 2 млн 200 мыңға жуық халқы бар өңірдегі 1032 мектепте 520 мың оқушы білім алады. Ал 1409 балабақшада 160 мыңға жуық бала тәрбиеленуде. Жыл сайын мектепті 30 мың түлек бітірсе, білім ұясының табалдырығын 50 мың бүлдіршін аттайды. Кейбір сарапшылар мұндай қарқынмен өңірдегі мектеп мәселесін шешу мүмкін емес дейді. Ал өңір басшысы не дейді?

Дархан Сатыбалды, облыс әкімі:

- Биылдың өзінде 20 мектептің құрылысын жүргізіп отырмыз. Оның 4-5 республикадан министрлік қолдап, көмектесіп отыр. 4-5 өзіміз жергілікті бюджет есебінен ашып отырмыз. Одан бөлек 9 мектепті «Қазақстан халқына» қоры арқылы қамтамасыз етіп отырмыз. Біз бұл жұмысты тоқтатпаймыз, ары қарай да жұмыс істей береміз.

Жауаптылар өңірдегі мектеп тапшылығын шешу үшін алдағы 3 жылда 96 мектеп салуды жоспарлап отырғандарын айтады. Оның 63-і – «Жайлы мектеп». Биыл соның 29-ның іргетасы қаланды. Ал мемлекеттік бюджет есебінен 33 мектептің құрылысы басталды. Бүгінге дейін соның 16-сы тапсырылды. Қалғаны жаңа жылға дейін беріледі деп күтілуде.

Бейсен Тәжібаев, облыс әкімінің орынбасары:

- Осы арқылы өңірдегі апатты 4 мектеп бар бізде, соның мәселесін шешуді көздейміз. Сондай-ақ үш ауысымға өткен 5 мектеп бар. Бұдан бөлек жеке инвесторларда бізге мектеп мәселесін шешуге атсалысып отыр. Биылдың өзінде 30-дан астам жекеменшік мектепті ашып отырмыз. Облыста жекеменшік мектептердің саны 120-дан асты. 3 жылдың көлемінде аталған проблемаларды шешудің нақты жоспарын іске асыратын боламыз.

Министрліктің мәліметі бойынша, өңірдегі 127 білім ошағы күрделі жөндеуді қажет етеді. Ал кейбір саманнан салынып, ыңғайластырылған және апатты мектептерді қайта салу қажет. Оған 60 млрд теңге қажет. Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев бұл түйіткілді жергілікті билікпен бірлесіп шешетінін жеткізді.

Ғани Бейсембаев, ҚР Оқу-ағарту министрі:

- Міндетті түрде қайтадан салуымыз керек. Ал 40-50 жылға дейін жөндеу көрмеген мектептерді шұғыл жөндей отырып, оларды бүгінгі замануи кабинеттермен жабдықтауды жоспарлап отырмыз. Бұл бір күнде немесе 1 жылда атқарылатын шаруа емес, оны 2026 жылға дейін іске асырамыз.

Мемлекет басшысы өз Жолдауында Үкімет пен әкімдерге мектеп тапшылығын жойып, оқушылардың алаңсыз білім алуына жағдай жасауды жүктеген еді. Биыл өңірдегі бюджет шығыстары есебінен балаларды қорғау мен әлеуметтік қолдауға 12 млрд теңге бөлінді. «Қауіпсіз мектеп» жобасына 5,9 млрд теңге қаралды. Нәтижесінде мыңнан аса мектепке 8 мыңдай камера орнатылып, жедел басқару орталығына қосылды. 938 білім беру мекемесі дабыл батырмасымен қамтылды. Ең бастысы 573 мектеп лицензияланған күзет қызметіне өтті.

Жандос Жұмбаек, Ерболат Әбіш, «24.KZ», Түркістан облысы.