Алматылық ғалымдар ауаны тазартудың тың жолын тапты
Алматылық ғалымдар қаланың ауасын тазарту үшін емен, арша, талшын ағаштарын көптеп егуді ұсынып отыр, деп хабарлайды 24KZ.
Әсіресе ұзақжылдық зерттеуден кейін талшынның қасиеті таңғалдырған. Қазір бұл жобамен Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің физиолог-генетиктері айналысып жатыр. Экологияны жақсартуға бағытталған ғылыми-өндірістік жұмыстар биыл көктемде басталады.
Емен, арша, талшын. Осы үшеуі ауадағы зиянды қалдықтар мен ауыр металды басқа ағаштарға қарағанда бойына тез сіңіреді. Ғалымдар осындай тоқтамға келіп отыр. Олар ғылыми-зерттеу жұмыстарымен 5 жылдан аса айналысқан. Содан кейін барып қана нақты іске көшті.
Айтжамал Мусина, техника ғылымдарының докторы:
- Мәселен, талшынды алып қарайтын болсақ, бұл бұта тектес өсімдік 700 жылға дейін өседі. Ал емен 2-3 ғасырға дейін көктей береді. Біз осы ағаштарға көптеген сараптама жасадық. Жапырақтарының құрамын тексеріп, зиянды қалдықтарды жақсы сіңіретініне көз жеткіздік. Жапырақ жасушаларының сондай қасиеті бар.
Оған қоса университеттің ғалымдары мен студенттері емдік шөп түрлерін де зерттеп жатыр. Соның бірі – Алтай үшқаты. Одан биологиялық белсенді қоспа жасап, адам ағзасын тазартуға болады. Жазда ғылыми топ Шығыс Қазақстан облысына экспедицияға аттанады.
Асқар Қалекешов, биология ғылымдарының кандидаты:
- Үшқат туысына жататын өсімдіктердің құрамындағы белсенді заттардың, соның ішінде макро, микроэлементтердің организм үшін пайдалы екені қазірге дейін дәлелденген. Зерттелген. Бірақ алтай үшқатының тиімділігі, құрамы толық зерттелемген. Сол себептен біз зерттеу нысаны ретінде алып отырмыз.
Алтай үшқаты көбіне Алтай өңірінде өседі. Ал емен мен арша еліміздің әр түпкірінде кездеседі. Бірақ оның түрі көп. Соның бәрі емес, тек ішінде лас ауаны жинайтын түрі көбейтіледі.
Гауһар Байташова, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты:
- Әлемдік деңгейде 80% орман қоры деп қарайтын болсақ, сол орманның 1% өсімдіктері ғана зерттелген. Ағаш өсімдіктерін зерттеуде біз ауыр металдарды абсорбциялау жолдарын қарастырамыз. Бұл абсорбциялау жолдарын, олардың ағаш өсімдіктері арқылы қалай жүретінін, технологиясын, фотосинтез процесін, абсорбция процесін зерттеуді біз студенттермен бірге жүргіземіз.
Көктемде өсімдік түрлерін Алматы облысының Көлді агробиостанциясы тәжірибелік алаңында жерсіндіру жұмыстары басталады. Одан 500-ге жуық көшет алуды жоспарлап отыр. Ал келесі жылы Алматыны көгалдандыруға кіріспек.
Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Радик Жакупов.