«Талдау мектебі» жобасының үшінші кезеңі басталды

Астана қаласындағы Талдау мектебінде оқудың үшінші кезеңі басталды, деп хабарлайды 24KZ.

Сенат жанындағы Жас сарапшылар клубының жиынына Палата төрағасы Мәулен Әшімбаев қатысушылар алдында дәріс оқып, өз  тәжірибесімен бөлісті. Сенат төрағасы өз сөзінде мемлекеттік деңгейде дұрыс шешім қабылдау үшін аналитикалық зерттеулердің маңызы зор екенін айтты. Бұл жобаның мемлекеттік қызметте, бизнесте, халықаралық ұйымдарда жұмыс істейтін жас мамандардың аналитикалық талдау дағдыларын арттыруға ықпал ететінін тілге тиек етті.

Жалпы үшінші кезеңге қатысуға 400-ден астам өтінім келіп түскен. Комиссия мүшелері 60 адамды іріктеп алды. Жоба барысында қатысушыларға қазақстандық және шетелдік белгілі сарапшылар дәріс оқиды.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:

- Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өз ісіне шебер кәсіби мамандардың жаңа шоғырын қалыптастыруға үнемі баса мән беріп келеді. Осыған орай біз «Талдау мектебі» жобасы арқылы аталған стратегиялық міндетті іске асыруға өз үлесімізді қосуды ұйғардық. Қазіргі таңда елімізде аналитикалық қабілеті жоғары, білікті мамандарды даярлайтын арнайы жүйе жоқ. Көбіне бұл жұмыс жүйесіз жүргізіліп, тиісті деңгейде тиімділігін көрсете алмай келеді. Сондықтан біз кәсіби сарапшыларды шақырып, оларға жас әріптестерімен өз тәжірибелерін бөлісуіне мүмкіндік беретін алаң құрдық.