Елімізде үздіксіз инклюзивті білім берудің ұлттық орталығы құрылады
Елімізде ұлттық үздіксіз инклюзивті білім беру орталығы құрылады.
Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев айтты. Алматы қаласына жұмыс сапарымен барған министр ғылыми қоғамдастық пен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерімен кездесті. Тараптар арнайы және инклюзивті білім беру мәселелерін бірге талқылады. Сала мамандарының айтуынша, осы бағытта кадрларды дайындау қолға алынады. Оған қоса жоғары оқу орындарының бағдарламасына «инклюзивті білім беру» модулін қосу қарастырылады. Ал педагогтар үшін біліктілікті арттырудың жаңа курстары әзірленіп жатыр. Сонымен қатар елімізде инклюзивті білім беруді дамытудың стратегиялық жоспары әзірленеді.
Айта кетейік, биыл ерекше білім беруді қажет ететін балаларға психологиялық, педагогикалық және медициналық жағынан көмек беретін орындар саны артады.
Лаура Бұтабаева, ҚР ОАМ Инклюзивті және арнайы білім беру департаментінің директоры:
- Ғылыми қауымдастық пен үкіметтік емес қоғам мүшелерінің ескертулері мен ұсыныстарын ескере отырып, ол кешенді жоспар толықтырылады, бекітіледі. Өкінішке қарай, бұл балалардың саны артып жатыр. Егер осы уақытқа дейін 188 мың болса, қазір 1 жылдың ішінде ПМПК-ға жүгінген балаларлың саны 203 мыңнан артып отыр. Бұл балаларға көмектің маңыздылығын, бұл балаларды сапалы білім үшін жүргізілетін жұмыстың кешенді болуын өзектендіріп отыр.