Алматыда жасанды интеллект мектепке енді

Алматы мектептері білім беру барысында жасанды интеллект технологиясын қолдана бастады, деп хабарлайды 24KZ.

Тың технология ұстаздарға көмекші құрал болса, оқушылардың білімге деген қызығушылығын арттырып отыр. Осыған орай жасанды интеллектіні жаратылыстану және гуманитарлық пәндермен біріктіру тақырыбында семинар өтіп, мамандар тәжірибе алмасты.  

Бұл – №105 гимназияның 10-сынып оқушылары. География пәні. Балалар жасанды интеллектінің көмегімен еліміздегі экологиялық проблемаларды шешудің жолдарын іздеді. Қазба байлықтары сарқылған карьерлердің орнына спорт кешенін салудың амалын қарастырды. Әркім әртүрлі ұсыныс жасап, соңынан заманауи технологияның көмегіне жүгінді.

Елхан Садық, 10-сынып оқушысы:

- Жасанды интеллектінің көмегімен қысқа уақыттың ішінде көп ақпаратты өңдеуге болады. Өзіңді толғандырған сұраққа жауап аласың. Бүгін біз карьердің орнына қандай спорт кешенін салуға болады деген мәселені талдадық. Біздің топ футбол алаңын саламыз деп шештік. ChatGPT арқылы барлық өлшемдерін шығардық. Тағы бір жасанды интеллект оның сыртқы пішінінің қандай болатынын көрсетті.

Бұл гимназияда жасанды интеллект көптеген пәнде қолданылады. Ұстаздар: «жаңа технологиялардың көмегімен өтетін сабақтар оқушының интеллектуалдық дағдыларын қалыптастырады», - дейді. Гимназияның тәжірибесімен семинарға жиналған өзге мұғалімдер де танысты. Олар жасанды интеллектінің мүмкіндігі мен қолдану тәсілдерін талдады.

Назима Жақыпова, қалалық білім берудегі жаңа технологиялар ғылыми-әдістемелік орталығының әдіскері:

- Қазіргі таңда гимназия Алматы қаласы қалалық білім берудегі жаңа технологиялардың ғылыми-әдістемелік орталығы басшылығымен халықаралық бакалавриат бағдарламаларын аккредиттеудегі 5 пилоттық мектептердің бірі болып табылады. Сол себепті де бүгінгі семинар осы мектептің мұғалімдерінің іс-тәжірибесін көрсетіп, тарату мақсатында жасалып отыр.

Айгүл Қасымбек, Бостандық ауданы білім бөлімінің басшысы:

- Қала бойынша мұғалімдеріміз жиналды. Өте қуантатын жағдай. Қазір көрдік, өте көп жас мұғалім келген. Мен айтып жатырмын, сондай шығармашылықта, ізденісте болған мұғалім өздерінен үлкен әріптестерден дәріс алып жатыр.

Жасанды интеллектіні оқу бағдарламасына енгізіп жатқан алматылық мектептердің ұстаздары кезең-кезеңімен семинарларға қатысып, біліктіліктерін арттырып тұрады. Мұғалімдердің пікірінше, жасанды интеллект оқулықтарды алмастырмағанымен, оларды толықтырып отырады. 

Авторлары: Аршын Кемелжан, Кенже Амраев.