ХХ Халықаралық Жәутіков олимпиадасы аяқталды
Алматыда өткен ХХ Халықаралық Жәутіков олимпиадасында 350-ге жуық медаль сарапқа салынды, деп хабарлайды 24KZ.
Соның 109-ын қазақстандық оқушылар жеңіп алды. Биыл білім додасына әлемнің 16 елінен 700-ден астам оқушы қатысты. Олар физика, математика, информатика пәндері бойынша сынға түсті. Осы жолы бас жүлдені Санкт-Петербургтен келген команда иеленді. Республикалық физика-математика мектебінің оқушылары 3-ші орыннан көрінді. Халықаралық қазылар алқасының құрамында 7 елдің мамандары болды. Төрағасы – белгілі математик ғалым, академик Асқар Жұмаділдаев. Жүлделі орын алған командалар медаль, дипломмен қоса бағалы сыйлыққа ие болды. Жеңімпаздарды Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев құттықтады.
Ғани Бейсембаев, ҚР Оқу-ағарту министрі:
- Жалпы мемлекет тарапынан олимпиаданы ұйымдастыруда былтырдан бері қолдау көрсетіліп жатыр. Бұл әлемге әйгілі 7 олимпиаданың жеңімпаздарына сыйақы беру белгіленген. Сондай-ақ әлемдік олимпиада білімін көрсету арқылы танымал болған жастарымыздың ұстаздарын да қолдау мәселесі қолға алынып отыр. Ұйымдастырушылардың айтуы бойынша, олимпиаданың танымалдығы одан әрі арттыру, екінші даму кезеңіне шығу 17-ден 50 мемлекетке шығаруды жоспарлап отырғанын қазір бөлісіп отыр.