Ақтөбе облысында ақысыз үйірмелер көбейеді
Ақтөбе облысында биыл мемлекеттік тапсырыс аясында 23 мыңнан астам бала түрлі үйірмелерге тегін қатысады, деп хабарлайды 24KZ.
Бұл үшін қосымша білім берумен айналысатын жекеменшіктегі оқу орталықтары мен ұйымдар жұмыс істейді. Ал қызмет ақысы бюджет есебінен өтеледі. Мәселен, тек білім бағыты бойынша 700 млн теңгеге жуық қаржы қарастырылып отыр.
9 жасар Ақнұр сабақтан тыс уақытта ағылшын тілін меңгеруді қолға алған. Қазір әріп танып, біраз сөзді жатқа біледі. Бұдан бөлек, домбыра және би үйірмесіне де барып жүр. Бірнеше рет байқауға қатысып, жүлделі орындарды да иеленген.
Ақнұр Қойбағар, оқушы:
- Ағылшын үйірмесіне бостан-босқа қатыспаймын, себебі өскенде ағылшын мұғалімі де болғым келеді. Өте қатты қызығам осы үйірмелерге. Өте күшті түсіндіреді сабақты. Домбыра үйретеді, әдемі билер, қаншама жарыстарға қатыстым.
Бұл оқу орталығы былтыр мемлекеттік тапсырыс аясында 200-ге жуық баланы түрлі үйірмелерге баулыған. Биыл да қызмет көрсетуге дайын. Орталық басшылығы өкілдерінің айтуынша, мемлекеттік қолдау осы секілді мектепке де, балаларға да тиімді. Бастысы, өнер-білімге жақын оқушылар көбейеді, - дейді.
Әлия Былғарина, оқу орталығының әкімшісі:
- Мемлекет тарапынан бізге үлкен қолдау. Себебі көп балалы аналарды, аз қамтылған отбасыларын қазіргі таңда осы қаражатпен бізді қолдап отыр. Жалпы өтініш беріп отырған ата-аналар саны 300-ге жуық.
Қосымша білім беретін жеке меншік орталықтарға балалардың тегін баруын қамтамасыз ету 2021 жылдан бастап қолға алынды. Бұл үшін шығармашылық, спорт және білім бағыттарында қызмет көрсете алатын ұйымдар арасында байқау өткізіліп, үздіктері анықталады. Биыл тек білім саласы бойынша 6 мың оқушыны үйірмелермен қамту көзделіп отыр.
Нұргүл Бертілеуова, облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары:
- Бір балаға орташа құн бір кәсіпкерге төленетін 14 мың теңгені құрайды. Ал ерекше қажеттілігі бар балалар үшін енді оларға арнайы педагогтердің көмегі керек. Сондықтан да оларға 23 мың теңгеге дейін артық, яғни қаражат төленеді. Олар үшін тиімді деген курстар таңдалынып алынып отыр.
Балаларға түрлі үйірмелер ұсынатын барлық ұйымдардың қызметі талапқа сәйкес үнемі бақылауда болады. Ал білім басқармасының мәліметінше, бүгінде облыстағы оқушылардың 83%-і қосымша біліммен қамтылған.
Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Болатбек Молдағалиев.