Атырауда жемқорлардан тәркіленген ақшаға екі мектеп салып жатыр

Атырау облысында жемқорлардан тәркіленген ақшаға екі мектеп салынып жатыр.

Жоспар бойынша биыл пайдалануға беріледі. Сонымен қатар мүгедектігі бар балаларға арналған екі орталыққа қажетті құрал-жабдықтар сатып алынған.

Облыстық арнайы мектеп-интернатында қазір ерекше білімді қажет ететін 140-қа жуық бала оқиды. Былтыр қыркүйек айында мүгедектігі бар балалардың игілігі үшін «Білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры» қажетті құрал-жабдықтарды алып берген. Қазір мұнда кейбір білім ошағында жоқ заманауи құрылғылар бар.

Ләззат Төлепова, облыстық арнайы мектеп-интернатының басшысы:

- Тарих, география, бейнелеу және арнайы мамандардың кабинеттері заманауи құралдармен, жиһаздармен жабдықталып, дидактикалық құралдармен толықтырылды. Сонымен қатар музыка кабинеті аспаптармен, спорт зал арнайы арнайы спорттық инвентарьмен қамтылды. 27 млн 785 мың көлемінде қаражат жұмсалған екен. 

«Білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры» облыс орталығындағы екі мектептің құрылысына да қаржы бөлген. Қала іргесіндегі Ақжар және Бірлік елді мекендерінде бой көтеріп жатқан білім ошақтары биыл пайдалануға беріледі деп жоспарланған. 3 қабатты 600 орындық қос нысан қаладағы үш ауысымды мектеп мәселесін шешуге сеп болмақ.

Талғат Бисен, облыстық сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары:

- Ақжар ауылындағы мектеп 2021 жылы басталған болатын. Бірлік ауылындағы мектеп те 2021 жылы басталды. Ақжар ауылындағы мектепті ақпан айында қолдануға беруге әзірлеп жатырмыз. Бірлік ауылындағы мектеп қазір жобалық-сметалық құжаттамасының түзету жұмыстары аяқталғаннан кейін құрылыс жанданып, жылдың соңына дейін аяқтауды жоспарлап отырмыз. Екі мектепке барлығын қоса алғанда 6 млрд теңгедей қаражат жұмсалып отыр. 

Жемқорлардан тәркіленген ақшаға былтыр ел бойынша 43 мектеп салынған. Жалпы қор құрылғалы 150 млрд теңгеден астам қаражат түсіпті. Бұл қаржы білім ошақтары мен интернаттарды жөндеуге, үш ауысымды және апатты жағдайдағы мектептердің мәселесін шешуге жұмсалып жатыр.

Асланбек Шығыр, Амантай Мәтенов