Қаңтардағы ҰБТ басталды
Елімізде ұлттық бірыңғай тестілеу өтіп жатыр.
Бұл жолы мектеп бітірушілер мен 1 курсқа шартты түрде қабылданған студенттер ақылы оқу үшін сынақ тапсырады. Оған 136 мыңға жуық талапкерден өтініш түскен. Құжат қабылдау кезінде техникалық ақау мен орын тапшылығы байқалды. Алайда мамандар кейін олқылықтар жойылғанын мәлімдеді. Талапкерлер үшін 140 мың орын дайын. Сынақ тапсыру үрдісінде өзгерістер жоқ. Тестілеу орнында тиісті талаптар қатаң қадағаланады. Былтыр дәл осы кезеңдегі ҰБТ-да ереже бұзған 118 адамның тест нәтижесі жойылды. Қыстағы білім науқаны 10 ақпанға дейін жалғасады.
Руслан Емелбаев, Ұлттық тестілеу орталығының директоры:
- Жамбыл облысының Меркі ауданында, Қостанайда Рудныйда, сосын Ақтөбе облысында Хромтауда қосымша тестілеу орталықтарын іске қосу арқылы орын толыққанды жетіліп, балалар қамтамасыз етілді. ҰБТ-ға келген кезде талапкер тек өзімен бірге жеке куәлігін және қалам алып келе алады. Сонымен қатар су және шоколад алып кіруге рұқсат береміз. Себебі 4 сағат тест тапсыру – ұзақ мерзім.