Оқушылар әскери бөлім жұмысымен танысты
Қонаевтағы мектеп оқушылары әскерилердің тұрмысымен және инженерлік қару-жарақтың заманауи үлгілерімен танысты.
Ол аздай жарылғыш заттарды анықтау мен залалсыздандырудың және жоюдың тәсілдерін көрді. Мұндай патриоттық шара Қонаев гарнизонындағы 58012 әскери бөлімінде өтті.
Әскери бөлімде модульді ғимарат ашылды. Сарбаздарға қажетті жатын орында тактикалық тапсырмаларды талқылап, дәріс өткізуге де болады. Былтыр еліміздің қарулы күштеріне қарасты 150 әскери бөлім осындай құрастырылмалы нысанмен қамтамасыз етілді.
Инженерлік-саперлік бригада аумағында заманауи, әскери техника көрмесі ұйымдастырылды. Оқушылар жерден металл массалаларын табатын детекторды қолмен ұстап көрді. Визуалды барлау мен іздеуші - «Теодор» мобильді роботтын қызықтады. Жарылғыш заттарды залалсыздандыратын техника радио арқылы басқарылады.
Азамат Назар, оқушы:
- Сапер техникасын көрдік. Бізге өте ұнады. Бауыржан Момышұлы айтқандай: «Отан үшін отқа түс күймейсің». Сол үшін әрбір ердің борышы осы әскерге келу деп ойлаймын.
Ал, жаттығу алаңында техника жұмысы таныстырылды. Жаудың шабуылын тойтарып, қарқынын бәсеңдетіп, техникасын жою үшін жарылғыш қолданылады. Оларды орнату инженерлік әскердің міндетіне кіреді.
Тіркемелі бөгет техникасымен танкіге қарсы жарылғыштар топыраққа немесе қар астына жасырылады. Ал 1 км радиусқа 200 жарылғыш затты қоюға болады.
Жасырылған миналарды анықтау үшін арнайы құралдар қажет. Оның көмегінсіз аумақты тазалау мүмкін емес. Инженер-cапер сарбаздар үнемі біліктілікті шыңдап отырулары керек. Радиоэлектроника тілін, физика мен химия заңдылықтарын жақсы білуге тиіс.
Әскери бөлім жауынгерлері жыл сайын өтетін халықаралық оқу-жаттығуларға қатысады. Табиғи әрі техногендік апат салдарын жоюға атсалысады.
Дастан Кәрімов, 58012 әскери бөлім командирінің орынбасары:
- Күнделікті қызметте өмір болғасын барлығы болады. Табиғи апаттарда, техногендік апаттарда біздің әскери бөлім жоғары деңгейде өз қызметін атқарды. Атап айтатын болсақ Арыстағы жарылыс кезінде салдарын жоюға қатысты. Жалпы айтқанда халықтың, өзіміздің қауіпсіздігімізді сақтау мақсатында осындай іс-шараларға қатысып келеді.
Іс-шарада әскери техниканың мүмкіндігі көрсетілді. Механикалық жылжымалы көпірдің көмегімен техниканы жар мен құздан, өзеннен өткізуге болады. МТУ-20 деп аталатын бұл танкілік көпір орнатушы инженерлік әскерде кеңінен қолданыла бастады. Ол салмағы 50 тоннаға дейін жүкті көтере алады.
Алмас Садуақас, Аят Дүйсембаев, «24.KZ», Қонаев.