Қаракөл көлін ғалымдар зерттейді
Каспий жағасындағы Қаракөл көлін ғалымдар зерттейді, деп хабарлайды 24KZ.
2 жыл бұрын Маңғыстау облысына жұмыс сапары кезінде ел Президенті көлдің экологиялық жағдайын зерделеуді тапсырған болатын. Таяу күндері Алматыдан жұмыс тобы Ақтауға баруы тиіс. Экологтар су қоймасының биоортасына жан-жақты зерттеу жұмыстарын жүргізбек. Ақтаудан 10 шақырым жердегі «Қарақия-Қаракөл» табиғи қорығына қазір жұртшылық жіті назар тігіп отыр. Өткен айдан бері көл аумағынан мыңға жуық аққудың өлексесі табылды. Тексеру жұмыстары кезінде қанаттылардың құс тұмауын жұқтырғаны анықталды.
Әсел Балманова, облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы:
- Бұл шара қазіргі таңдағы аққулардың жаппай қырылуымен ешқандай да байланысы жоқ. Өйткені бұл – жоспарлы түрде жүргізілуі қажет шара. Бұл жерде Қаракөл көлінің экологиялық жағдайы, флорасы мен фаунасы, биоалуантүрлігіне толыққанды зерттеу жұмыстары жүргізіледі және де зерттеу жұмыстарының нәтижесінде көлдің экологиялық жағдайын жақсарту бойынша ұсыныстар енгізіледі.