Аграрлық ғылымға қолдау қажет
«Ақмола облысында құрғақшылыққа төзімді бидай тұқымын шығару қолға алынады. Жаңа сұрып өңірдің климаттық жағдайына толығымен сәйкес келеді. Ал оның артықшылығы мен кемшілігі арнайы алқаптарда сыналады»,-дейді мамандар.
Себебі, соңғы жылдары аграрлы аймақ қуаншылықтан көз ашпады. Бұдан бөлек, жергілікті ғалымдар ауыл шаруашылығы саласында өзге де тың жобаларды жүзеге асырып жатыр.
Гүлмира Уәлиева – Солтүстік өңірлерге бейімделген, өнімділігі мол жоңышқа сұрпының жаңа моделін дайындап жатыр. Ол осы жобамен үш жылға жуық айналысып келеді. «Жас ғалым» бағдарламасы аясында арнайы грант ұтып алған.
Гүлмира Уәлиева, Ауыл шаруашылығы ғылымдарының магистрі:
- Тұқым өнімділігі жоғары жоңышқа сорттары өте аз. Әсіресе, Солтүстік өңірлерде. Мысалы, жоңышқаның бір тоннасы қазір бір миллион екі жүз мыңнан асады. Бірақ неге онымен ешкім айналыспайды? Өйткені тұқым өнімділігі жоғары жоңышқа шығару өте қиын. Біріншіден мұндай сорттар өте аз, біздің өңірге бейімделген.
«Жалпы, осындай тұқым сұрпын шығартын ғалымдарға кем дегенде үш-төрт жыл уақыт беріледі. Десе де, оны зертеуге бөлінетін қаржы көлемі көңіл көншітпейді»,-дейді олар. Себебі, қазынадан қарастырылатын қаржының жетпіс пайызы ғалымдардың жалақысына жұмсалады. Ал қалған 30 пайызы ғана зерттеу жұмыстарына бағытталады.
Уәлихан Сағалбеков, Ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы:
- Үкіметтен бір сортқа 8 млн.теңгеден беріп жатыр.Мысалы, люцерно шығару үшін маған үш жыл деп белгіледі. Мен осы уақытта сорт беруім керек. Оның жалақыдан басқа техникасы керек. Апаратурасы керек. Оларға ештеңе қарастырылмаған.
Аграрлық ғылымды дамытатын зерттеу орталықтары да қаржыландыруды қажет етеді. Мәселен, Көкшетау тәжірбиелік-өндірістік мекемесіндегі материалдық-техникалық база 80 пайызға ескірген. Кадр тапшылығы да сезіледі.
Құттымұрат Тағаев, Көкшетау тәжірибелік-өндірістік шаруашылығының басқарма төрағасы:
- Жүйелі қаржыландыру болған жоқ. Біз жем-шөп өндірісімен айналысамыз, бізге конкурстан тыс немесе арнайы бағытталған қаражат болу керек еді. Сол кезде біз аграрлық ғылымды құртып алмас едік. Жастарды да тартар едік. Қазіргі таңда жастардың да белсенділігі өте баяу.
Ал қордаланған осы мәселелер алдағы жылдары шешілуі мүмкін. Өйткені, зерттеу орталығы биыл мемлекеттік инвестициялық бағдарламаға қатысып жатыр. Оның аясында 2028 жылға дейін 2 миллиард 700 миллион теңге бөлініп, материалдық база жаңартылады деп жоспарланып отыр.
Авторлары: Абзал Балтабаев, Евгений Шинкаренко