Қазақстандық ұстаздар Лондондағы көрмеге қатысты
Елімізде білім беру сапасын арттыру үшін жасанды интеллектке сүйенетін жетекші елдердің озық тәжірибесі қолданылады, деп хабарлайды 24KZ.
Бұдан бөлек, британиялық ірі жоғары оқу орындарының филиалдары ашылмақ. Лондонда өткен Bett Show халықаралық білім беру технологияларының көрмесі туралы Тұманды Альбиондағы тілшіміз Ғалымжан Қараманұлы сабақтайды.
«Bett Show 2024» – білім беру технологияларының ең ірі көрмесі. Оған жаһанның түкпір-түкпірінен cала көшбасшылары ғана емес, сондай-ақ 600-ден астам инновациялық компания өкілдері де қатысып жатыр. Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрі IT саласының өкілдерімен және Microsoft, Google, Lenovo сияқты алып компаниялардың басшыларымен кездесіп, келіссөздер жүргізді.
Ғани Бейсембаев, ҚР Оқу-ағарту министрі:
- Жасанды интелектіні қолданудың қыр-сырын қарастыруды, екіншіден, мұғалімдерді дайындауда цифлық білімнің әлемдегі көш бастап тұрған мықты компаниялар мен елдердің тәжірибесін қолдануды танып отырмыз.
Қазақстандық жоғары оқу орындары британиялық әріптестерімен тығыз байланыста жұмыс істеп келеді. Халықаралық көрме аясында Narxoz университеті мен Queen’s University арасында ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. Алдағы уақытта Алматыда қос дипломдық білім бағдарламасы ашылатын болады.
Нола Хьюит-Дандас, Queen's University Belfast проректоры:
- Болашақта бизнес-менеджмент, экономика, қаржы салалары бойынша мамандар дайындаймыз. Осы бағытта бірлесе жұмыс істеуге ынтықпыз. Бұл әріптестігіміздің зор жетістіктерге жеткізетініне кәміл сенеміз.
Президент тапсырмасына сәйкес 2025 жылға дейін Қазақстанда бірнеше жетекші шетелдік жоғарғы орнын ашу көзделген. Былтыр бұл межеге толығымен қол жеткізілді. Қазақстанда соңғы 2 жылдың ішінде 8 жетекші университеттің филиалы ашылды.
Мағжан Ілиясов, Қазақстанның Ұлыбританиядағы Елшісі:
- Студенттерімізді британиялық жоғарғы оқу орындарына жіберудің орнына, керісінше, Қазақстанда шетелдік университеттер ашу стратегиясы өз жемісін беріп жатыр. Мәселен, Хэрриот-Уоттспен меморандумға қол қойылды. Алматыда Де-Монфорт университетінің кампусы ашылды. Бұл үрдіс жалғасын табады деген үміттеміз.
Шара аясында Ұлыбританияның білім және ғылым саласының ресми өкілдерімен кездесулер өткізіліп, екі ел арасындағы ынтымақтастықты одан әрі тереңдету мәселелері талқыланды. Көрмеге қазақстандық ұстаздар мен оқытушылар, сондай-ақ жоғарғы оқу орындарының ректорлары қатысты.
Авторы: Ғалымжан Қараманұлы.