Қызылордалық оқушы жасанды интеллектті қазақша сөйлетті
Қызылордалық оқушы жасанды интеллектіні қазақша сөйлетті.
Қазақ джи-пи-ти деп аталатын жоба шетелдік сарапшылардың да қызығушылығын тудырып отыр. Ауыл өренінің цифрлық технологиядағы тың идеясы бірнеше байқауда дара шыққан.
Көне дәуірдегі Қазақ даласы. Жасанды интеллект осындай есте жоқ ескі заманның кескінін көз алдыңа әкеледі. Ең бастысы, кез келген қазақ тіліндегі сауалға жауап алуға болады. Асылжан Абдуллаев жасаған жобаның артықшылығы осы. Бұл бағдарламаны телефон қосымшаларында пайдалануға болады. 16 жастағы жеткіншектің идеясы шетелдік мамандардың қызығушылығын тудырған.
Асылжан Абдуллаев, жоба авторы:
- Рендел Брюнс деген Қазақстандағы АҚШ-тың стратегиялық эдвайзері бар. Сол кісінің алдында қорғаған болатынмын «Қазақ GPT»-ді. Жалпы өте керемет пікір берді. Одан бөлек менің ең биік жетістіктерімнің бірі жобалардың жаңашылдығы, қайталанбас жетістік.
Өнертапқыш жасөспірім Тереңөзек кентіндегі мектепте оқиды. Компьютерді терең меңгеруге деген қызығушылығы 5 жасынан басталған. IT технология тақырыбындағы әдебиеттерді жата-жастана оқығанның арқасында осындай жетістіктерге жол ашылды, дейді.
Нұрлан Жақыпбеков, тілші:
- Санаулы секундта ғана жасанды интеллект сұрағымызға жауап берді. Мынадай суретті алдымызға шығарып тұр. 2050 жылы Сырдария өзенінің кескін-келбеті дәл осындай болады екен.
Жасанды интеллект бұйрықты бұлжытпай орындайды. Сурет салады, дыбыстап жауап береді, мәтін жазып, есеп те шығарады. Жоба бірнеше республикалық, халықаралық байқауларда үздік атанып Асылжан Абудллаев Астана IT университетінің грантын жеңіп алды. Қазір бұл бағдарламаның 2 мыңнан астам қолданушысы бар, дейді автор. Оқушының ендігі арманы Кореяның Сеултех университетінің грантына ие болып, цифрлық технологиядағы ізденісін тереңдете түсу.
Нұрлан Жақыпбеков, Нұржан Мұзарапшин