Ақмола облысында 35 мектепке жөндеу жүргізіледі
Ақмола облысында биыл 35 мектеп жөнделеді.
Әсіресе басты басымдық қалаға шалғай орналасқан ауылдардың білім ошақтарына беріліп отыр. Ал оқу нысындарын жаңартуға ел қазынасынан 7 миллиардтан астам теңге бөлінді. Құрылыс жұмыстары қашан басталады?
Біржан сал ауданына қарасты Кеңашы ауылының мектебі өткен ғасырдың сексенінші жылдары салынған. Міне сол уақыттан бері бірде-бір рет күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмепті. Қазір мұнда 67 бала білім алады. 25 орындық балабақша да мектеп ішінен орын тепкен. Ал осы балғындарды қыста тоңдырмау үшін ұстаздар алты ай жаз мектепті арнайы дайындықтан өткізеді.
Гүлнәр Сәдуова, мектеп директоры:
- Терезелеріміз ескіріп, кішкене суық кіреді. Шама келгенше көмір бәрін алып тұрамыз, бірақ ескінің аты ескі. Терезелер, көріп тұрсыздар, өте үлкен. Сондықтан біз салафанмен шегелеп тастаймыз. Көктемде ашамыз. Жылуды сақтауға тырысамыз.
Оқу ордасындағы бұл мәселелер биыл түбегейлі шешімін табады. Себебі тозығы жеткен мектепке қазынадан 221 млн теңге бөлініп, күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Ал құрылыс жұмыстары мамыр айында басталып, қыркүйекте аяқталады деп көзделіп отыр. Жалпы өңірде 65 мектеп жөндеуді қажет етеді. Қазір соның алпысының жобалық-сметалық құжаттары әзірленген. Сондай-ақ биыл аймақта жаңадан оннан астам білім ошағы бой көтереді.
Валерий Гамазов, облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары:
- Қазіргі уақытта 5 мектептің құрылысы жалғасып жатыр. Бұдан бөлек биыл «жайлы мектеп» жобасы аясында 9 білім ошағы салынады.
Білім ошақтарын жаңартып қана қоймай, техникалық базасын нығайтуға да ерекше көңіл бөлініп отыр. Мәселен, сынып бөлмелерін әдістемелік көрнекі құралдармен жабдықтауға және жиһаз бен компьютерлер сатып алуға 800 миллион теңгедей қаржы жұмсалады.
Абзал Балтабаев, Виктор Полянный