Павлодар облысында «Аққу» жобасы бойынша 250 клуб жұмыс істеп тұр
Павлодар облысында оқушыларға арналған «Аққу» жобасы бойынша 250 клуб жұмыс істеп тұр.
Жобаның басты мақсаты қыз балаларды ұлттық салт-дәстүр негізінде тәрбиелеп, жастардың бойында қазақ өнеріне деген сүйіспеншілікті қалыптастыру. Кешенді жоспар өңірде кезінде ұмыт болған әжелер мектебінің жаңғыруына да түрткі болды.
Алина Жұмабекқызы «Аққу» жобасының қатысушысы. Бір жыл ішінде тақия тігуді үйреніп алды. Ендігі мақсаты жүн түтіп, ұршық иірудің қыр-сырын меңгеру. Оқушының ұлттық қолөнерге деген ынтасы зор.
Алина Жұмабекқызы, жобаға қатысушы:
- Әжелердің мен ақыл-кеңестерін естіп, болашақта қыздар қандай болуы керек, қазіргі қыздардың көзқарасы қандай, сол сияқты көптеген нәрселерді үйренгім келеді. Және де менің көп қызығатын нәрсем – ол апалардың әңгімелері. Маған сол қызық өте.
Ұлттық құндылықтарды сөзбен емес, іспен дәлелдеуге бағытталған жоба ата-әжелер мектептерінің жаңғыруына сеп болды. Бүгінгі таңда облыс мектептерінің жанынан түрлі клубтар ашылып, қарқынды дамуда. Бұл болашақ ұрпақ тәрбиесіне бейжай қарамаған қарияларды ортақ мақсат төңірегінде біріктірді.
Ғалия Балтабайқызы, «Кәусар бұлақ» әжелер мектебінің жетекшісі:
- Әртүрлі мамандық иелері бар, қолөнершілер де бар, салт-дәстүрді ұстап келе жатқан көп балалы әжелеріміз де бар, ертегі де айтады. Біз әрбіреуіміз жүйелі түрде өзіміздің жасайтын жұмыстарымызды бөліп-бөліп алдық. Мысалы, бір әже ұмыт болған тағамды жасаса. Мен өзім, мысалы, қолөнерші болғандықтан соңғы кезде ши деген нәрсені білесіз ғой, шиді күзде біз тердік, дүйсенбіден бастап, шиді тазартып, шимен жұмыс жасаймыз. Киіз басамыз, қалған әжелер салт-дәстүрлерді бөліп алды.
Жобаның бір жылдық жұмысы облыс деңгейіндегі байқауда қорытыланды. Қала, аудандарда қатаң іректеуден өткен қыз балалар өнерлерін паш етті. Шеберлер балалардың еңбегіне жоғары бағасын берді.
Майя Темірболатова, жоба үйлестірушісі:
- Бұл клубтардың өзінің бір жылға арналған жоспары бар. Сол жоспар бойынша жұмыс істейді. Бұл клубтарда психолог-мамандар жұмылдырылған, дәрігер-мамандар жұмылдырылған. Және аталар түрткі болды деп айтуға болады. Осы клубтардың арқасында аталар-әжелер, аналар-әкелер клубтары ашылып, жаңағы біздің балаларға жұмылдыра біз тәрбие беріп отырмыз деп айтуға болады.
«Аққу» жобасы осыдан үш жыл бұрын қолға алынды. Қазіргі таңда өңір мектептерінде 250 клуб жұмыс істейді. Осы клубтарға белсенді мүше болып, қазақ қызына лайық игі қасиеттерді бойына сіңіргісі келетін қыздардың саны төрт мыңға жуықтаған.
Ақмарал Есімханова және Марат Игіліков