Каспий теңізін зерттейтін институт құрылды
Бүгін ғалымдар мен сарапшылар Жайық-Каспий су айдынының мәселелерін талқылады, деп хабарлайды 24KZ.
Каспий теңізі жыл сайын тартылып барады. Су деңгейінің төмендеуі балық шаруашылығын да тұралатты. Жайық өзені арқылы теңізге шығатын кемелер қайраңда қалып қойып жатыр. Ал жел соқса, теңіз табанында қалған шаң-тозаң елді мекендер тұрғындарын әбігерге салып жатыр.
Каспий теңізінде қордаланған мәселе көп. Соңғы 10 жылда теңіз 10 шақырымға дейін шегініп кеткен. Экожүйесі де бұзылған, - дейді ғалымдар. Сарапшылардың сөзінше, бұған теңіздің солтүстік-шығыс бөлігіндегі «Қашаған» кен орнынан келетін зиянның да әсері бар.
Болат Қожиев, сарапшы:
- Бүгінгі күні Каспийде шынында мұнай да алып жатыр. Бұл енді біздің фауна мен флорасы, жаңа айтып жатыр ғалымдар, осы Каспийдің жағалауында көптеген құнды балық, құстар, өсімдіктер өсіп жатыр, соның барлығына да өте үлкен зиян тигізіп жатыр. Осы зиянды болдырмау жөнінде ғалымдар өздерінің пікір-ойларын айтып жатыр. Шынында Каспий бізді алаңдатады.
Браконьерлердің көбеюі де бағалы балық қорының азаюына әкеліп соқты. Жыл сайын акция ұйымдастырғанымен, оларды толық тыю мүмкін болмай отыр. Сондай-ақ Каспий теңізіне құятын судың 80%-і Еділ өзенінен келеді. Соңғы жылдары Еділден келетін су мөлшері де азайып кеткен.
Нұрлан Ізтілеу, ғылыми-зерттеу институтының жетекші маманы:
- Мен халықаралық жиындарда Каспий маңындағы елдердің бірігіп, халықаралық ұйым құру керек деген ұсынысты айтып келемін. Біз жедел әрі нақты бақылау жүргізіп отыруымыз қажет. Сондай-ақ экологиялық Каспий қорын құруды да ұсындым. Қаржы қаралмаса, мұндай өзекті мәселелерді дереу шешу мүмкін емес. Жағдайды толық зерделеп, мемлекет басшылары нақты шешім қабылдауы керек.
Асланбек Шығыр, тілші:
- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес Каспий теңізін зерттейтін институт құрылды. Бұл туралы бүгінгі жиынға қатысқан Су ресурстары және ирригация министрлігінің өкілі мәлімдеді. Атырау облысында да филиалын ашу жоспарланып отыр. Мәселені жан-жақты зерделеуге мұндай зертхана керек-ақ. Сондай-ақ Каспий маңы елдерінің ғалымдарымен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеуге де мүмкіндік туады.
Авторлары: Асланбек Шығыр, Амантай Мәтенов, Жандос Рахметуллин.