Алматылық 200 ұстаз халықаралық тағылымдамадан өтеді
Алматының арнайы пән оқытушылары мен өндірістік оқыту шеберлері халықаралық тағылымдамадан өтеді, деп хабарлайды 24KZ.
Оған қаладағы 20 кәсіптік және педагогикалық колледждің 200 ұстазы таңдап алынады. Бұл бастама «Алматы қаласын дамытудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасы» аясында жүзеге асырылады. Осылайша, еңбек нарығына қажетті кәсіби дипломы бар дәнекерлеуші, жиһаз жасаушы, электрик пен автоматтандыру секілді жұмысшы мамандарын дайындауды көздеп отыр.
Еңбек нарығына қажетті білікті маман дайындау үшін алматылық 200 ұстаз халықаралық тағылымдамадан өтті. Солардың бірі – өндірістік-оқыту шебері Бауыржан Мұхамеджанов. Ол Түркияның Анталия қаласында білімін жетілдірген. Жерорта теңізінің жағасында сәнді сылақ пен мәрмәрді өңдеу технологиясы жақсы дамыған, - дейді. Түркиядан үйренген жаңа тәсілдерді өзі жұмыс істейтін кәсіптік колледждің оқу бағдарламасына енгізіпті. Мәрмәрға Қазақстанда да сұраныс жоғары. Сондықтан құнды құрылыс материалын өңдеуді біздің жастардың үйренгені жөн.
Бауыржан Мұхамеджанов, өндірістік оқыту шебері:
- ЧПУ станоктарында арнайы су мен құм қоспасы арқылы қалың мраморларды да кесіп және бетіне неше түрлі ою, суреттер салуға мүмкіншіліктері бар екен. Ондай технология біздің колледжімізде жоқ. Осы басшылықпен сөйлесіп жатырмыз. Келешекте бізде сол мәрмәр кесетін станоктарды алып, өзімізге қойып, балаларды мәрмәрлармен жұмыс жасауға үйретуге келешекте келеміз деген ойдамыз.
Былтыр дәнекерлеуші, жиһаз жасаушы сынды 18 мамандықтың арнайы пән ұстаздары мен өндірістік-оқыту шеберлері Еуропаның 12 мемлекетінде білімін шыңдап келген. Олар қазір алматылық өзге әріптестерімен кездесіп, алған білімдерімен бөлісіп отырады екен. Жалпы бүгінде Алматы колледжерінде 2 мыңға жуық педагог жұмыс істейді.
Гүлнәр Сүлейменова, қалалық білім басқармасының бөлім басшысы:
- Тағылымдаманың негізгі мақсаты – әрине, бірінші кезекте колледждердегі білім сапасын арттыру. Шет елде отырған өзі сияқты педагогтармен тәжірибе алмасуға мүмкіндік алу. Сонымен қатар сол жақтағы біз сияқты осындай оқу орындарымен меморандумға отыруға мүмкіндік алу. Ары қарай сол тәжірибемен тоқтап қалмай, осы тағылымдамамен тоқтап қалмай, әрі қарай жұмысымызды жалғастыру болып отыр.
Жоба биыл да жалғасады. Жалпы «Алматы қаласын дамытудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасы» аясында ұзын саны 600 мұғалім мен өндірістік оқыту шебері біліктілерін арттырады. Сол арқылы еңбек нарығындағы қазақстандық мамандардың бәсекеге қабілеттілігін күшейтпекші.
Авторлары: Аршын Кемелжан, Сержан Жұмабаев.