Аягөздік оқушы инкубатор құрастырды

Аягөз қаласының мектеп оқушысы автоматтандырылған инкубатор құрастырды, деп хабарлайды 24KZ.

Әйгерім Ержанқызы инновациялық құрылғының көмегімен бөдене балапанын шығарды. Ал осы шаһардағы тағы бір білім ордасының оқушысы Әли Мұхтарұлы шешендік өнер үйірмесін ашты.

Әйгерім Ержанқызы Аягөз қаласындағы көпбейінді қазақ мектеп гимназиясында оқиды. Оқушы инкубаторды үй жағдайында құрастырып, Arduino бағдарламасының көмегімен автоматтандырыпты.  

Әйгерім Ержанқызы, 10-сынып оқушысы:

- Бұл толықтай пеноплекс материалынан жасалған. Ішінде арнайы жылыту плиткасы бар. Мына жерде бізде термореттегіш. Егер де бөлме қысымы ыстық боп кетсе, бұл температураны нақты бір температураға түсіреді. Ал егер суып кететін болса, ендеше ішіндегі жылыту плиткасы жылу шашып, жұмыртқаларға нақты бір көлемдегі температурадағы жылуды береді.

Құрылғы ішіндегі температураны ұялы телефон арқылы кез келген жерден бақылауға болады. Оқушы жобаны биология пәнінің мұғалімімен бірлесіп жүзеге асырған. Инкубаторға 20 жұмыртқа салып, 17 күн бақылапты. Нәтижесінде 5 балапан шыққан.

Қаламқас Сәдуақасова, биология пәнінің мұғалімі:

- Жобамыздың негізгі мақсаты – Аягөз өңірінде бөдененің түрін инкубатор арқылы көбейту. Сол арқылы тауықтың жұмыртқасы сияқты тұтынушылық деңгейін көтеру арқылы адамдардың денсаулығын сақтау. Себебі бөдене жұмыртқасы, еті де адам денсаулығына өте пайдалы және де біздің ауданымызда бөдененің жұмыртқасы да, еті де тапшы.

Әли Мұхтарұлы – V республикалық «Ділмәр» шешендік өнер байқауының жеңімпазы. Ол өзі оқитын мектепте «Аягөз-Ділмәр» шешендік үйірмесін ашқан. 10-сынып оқушысы қазір өз қатарластарына көркем сөйлеуді үйретіп жүр.

Әли Тұрсәлім, «Аягөз-Ділмәр» шешендік өнер үйірмесінің жетекшісі:

- Бір күні кітапханаға барып, кітап оқып, талдасақ, балалар сол кітаптан оқыған дүниесін сөйлеп үйренеді. Жалпы сөйлеу барысында көп көмегін тигізеді ғой. ХХІ ғасырдың телефонға телмірген балаларына қарағанда сөйлеу өнері өте қатты қажет. Қазір екі сөздің басын қоса алмайтын балалар көп. Ал оларды кешегі балалардың жолына салып, шешенше сөйлету нағыз қазақтың ісі деп ойлаймын.

Рыскүл Әбішева, қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі:

- Осы шешендік сөздерді бала жаттап, оқып, танысып, мазмұнын терең түсіндіргенімен қатар оларға осыны өмірде қолдана алдырту – біздің мақсатымыз. Кез келген уақытта төл әріптеріміз бен төл тілімізді анық, нақты айта білуге шақыру.

Әли Мұхтарұлы аптасына 2 мәрте сабақ береді. Үйірмеге аудандағы 45 баланың ішінен іріктелген 12 оқушы қатысады.

Авторлары: Азамат Қасым, Медет Өмірханов.