Көкшетаулық студенттер электромобиль жөндейді
Заманына қарай адамы. Көкшетаулықтар қазірден бастап болашақтың көлігі – электромобиль жөндеуді үйреніп жатыр.
Елде алғаш рет электрокарларды диагностикалау және қызмет көрсету бойынша тренинг-орталық ашылды. Мұнда колледж студенттері оқып, үреніп жүр. Бірегей жоба Қазақстан мен Оңтүстік Кореяның әріптестігі арқылы жүзеге асқан.
Көкшетау қаласының жоғары техникалық колледжіндегі жаңа орталық ең заманауи құралдармен жабдықталған. Алдымен студенттерге электромобильдерге қызмет көрсету теориясын үйретеді. Кейін жастар өздері электрокарды іске қосып, диагностикадан өткізіп, жөндейді.
Даниил Куслей, студент:
- Барлығы қуаттандырудан басталады. Содан кейін біз электроқозғалтқыш қалай жұмыс істейтінін үйрендік. Әрі қарай жөндеу барысы. Яғни, электрокарда арнайы басқару пульті және диагностикалық планшет бар. Сол арқылы көлікті тексеріп, қателіктерді анықтаймыз. Кейін жөндейміз.
Сарапшылардың айтуынша, электрокарлардың айтарлықтай ерекшеліктері бар. Егер кәдімгі автомобильдерді жөндеу кезінде механикада көбірек білім қажет болса, бұл көліктерді меңгеру үшін автоэлектриканы жақсы білу керек. Сондықтан студенттер электромобильдің барлық бөлшектерімен мұқият танысады.
Николай Поляков, оқытушы:
- Осы көліктер электрикалық бөлшектерді жиі жөндеуді талап етеді. Батареяларды уақытында қуаттандырып, ауыстырып, құрал-жабдықтарды диагностикалап отыру керек. Студенттер үшін осындай тақталар бар. Осында электромобильдің барлық бөлшектері орнатылған, бәрісіне анық көрініп тұр. Осының арқасында балалар жөндеуді тез үйренеді.
«Техникалық білім беруде жаңашылдық пен жаңа үрдістерден қалып қоймау керек», - дейді сарапшылар. Қазір елімізде 9 мыңға жуық электромобиль тіркелген. Ал электр қозғалтқыштары бар заманауи көлікті жөндейтін мамандар жетіспейді. Тіпті алдағы уақытта оларға сұраныс арта түспек. Өйткені соңғы жылдары электрокарлардың саны 10 есе көбейді, - деп атап өтті оқытушылар.
Нартай Ыбраев, жоғары техникалық колледжі директорының орынбасары:
- Екі-ақ қалада, ірі мегаполистерде, Алматы және Астана қаласында бір-бір қызмет көрсету орталығы ғана бар. Біз 2017 жылы автокөлікке қызмет көрсету мамандығы бойынша «автоэлектрик» мамандығының лицензиясын алдық. Сол лицензия бойынша тығыз жұмыс жасадық, жаңа оқу бағдарламасын жасап шығардық. Сондықтан мамандарды ертерек дайындау – біздің басты мақсатымыз.
Тренинг-орталықта болашақ автоэлектриктермен бірге IT-технологиялар және бақылау-өлшеу аспаптары бойынша мамандар білім алып жатыр. Сонымен қатар мұндай тәжірибе өңірдің басқа техникалық колледждерінде де енгізіледі.
Авторлары: Аслан Әбутәліпов, Виктор Полянный.