Қостанайда жалпы білім беру мектебі күрделі жөндеуге жабылды

Қостанайда Ғафу Қайырбеков атындағы жалпы білім беру мектебі күрделі жөндеуге жабылды.

Енді құрылыс жұмыстары маусым айының ортасында аяқталуға тиіс. Оқу ордасы 40 жылға жуық жөндеу көрмеген. Төбесінен су тамшылап, қабырғалары сызданған. Ескі ағаш терезелері мен есіктерінің сыры кетіп, тозығы жеткен. Қазір мыңға жуық оқушы қаладағы 22 және 11 мектепке уақытша ауыстырылды. Аталған білім ордалары жақын орналасқандықтан оқушыларға да, мұғалімдерге де қолайсыздық тудырмайды, дейді мектеп әкімшілігі.

Әсемхан Молдахалықов, Ғ. Қайырбеков атындағы №9 мектеп директоры:

- Бастауышта 370 бала екі ауысыммен, бізге сегіз кабинетті бөліп берді. Ал мынау 22-мектепте өзінің балаларын бірінші ауысымға тұтастай көшірді де біздің балаларымыз екінші ауысымға тұтастай көшіріліп отыр. Білім сапасына кедергі жасалмайтындай қылып орналастырдық. Себебі ол жерде өзіміздің балаларға біздің мұғалімдеріміз сабақ беріп жатса, ол мектептің мұғалімдері де өз орындарында.