Риддерлік жас өнертапқыштар халықаралық олимпиадаларда биіктен көрініп жүр
Риддерлік оқушылар тұрмысқа қажетті түрлі бұйымдар ойлап тауып, роботтарға арналған бағдарламалар әзірлейді, деп хабарлайды 24KZ.
Иван Гребенщиков пен Әмір Базылханов халықаралық олимпиадаларда биіктен көрініп жүр. Жас өнертапқыштар жасанды интеллектінің көмегімен үй-жайларды зарарсыздандыратын робот пен виртуалды дыбыстық көмекші жасаған. Тақырыпты Елдос Кәкенов жалғастырады.
13 жастағы Иван Гребенщиков осы роботпен Индонезиядағы дүниежүзілік олимпиаданы бағындырған. Кейін осы елде өткен басқа да жобалар байқауында алтын жүлде иемденді. Бұл робот кез келген затты зарарсыздандырады. Құрылғының медициналық бұйымдарды қайта өңдейтін мүмкіндігі халықаралық ғылыми қауымдастықты таңғалдырған. Оның тағы бір жобасы оқушыларға арналған. Мысалы, мынау ақылды сөмке балалардың денсаулығын сақтауға негізделген. Көбіне оқушылар ауыр сөмкені бір иыққа асып, омыртқа сүйегіне зақым келтіреді. Ал мына дорбаны екі иыққа бірдей аспаса, арнайы құрылғы бірден ескерту жасайды. Сонымен бірге бұл сөмкеде датчик орнатылған. Ауаға зиянды газ тараған жағдайда дабыл береді.
Иван Гребенщиков, оқушы:
- Алдағы жоспарымды жариялай бермеймін. Түрлі жобалар бар. Бірақ айтуға әлі ерте. Өзгелер иемденіп алуы мүмкін. Егер бұл сөмкенің көшірмелері шығатын болса, онда тағы жетілдіріп, патенттеп аламыз.
Ал Әмір Базылханов – Қытайдағы робот жасаушылар байқауының гран-при иегері. 15 мемлекеттен 300 оқушы қатысқан додада Әмірдің жобасы үздік шықты. Қазір ол жалғызілікті жандар үшін виртуалды әңгімелесетін роботқа бағдарлама жасау үстінде.
Әмір Базылханов, оқушы:
- Көп оқушының жасы менен әлдеқайда үлкен болды. Студенттер де қатысты. Әрине, мұнымен тоқтап қалмаймыз. Халықаралық жарыстарға қатысқым келеді.
Юрий Котвицкий жас өнертапқыштарға ұстаздық етеді. Қазір шәкірттерінің туындыларын патенттеуге кіріскен.
Юрий Котвицкий, Риддер қаласындағы №1 мектеп-лицейінің мұғалімі:
- Авторлық куәлік алу үшін қажетті құжаттарды әзірлеп қойдық. Жақын арада тиісті органға жібереміз. Патент мақұлданса, одан әрі туындыларымызды нарыққа шығару жағын қарастырамыз.
Егер бәрі ойдағыдай болса, оқушылар өз есімдерін тарихқа жазып, қазақстандық ең жас ғалымдардың қатарын толықтыруы мүмкін.
Авторлары: Елдос Кәкенов, Вячеслав Ветлугин, Дмитрий Пыхтин.