Қызылордалық ғалым арпа мен бидайдың жаңа сұрпын шығарды
Қызылордалық ғалым отандық арпа мен бидайдың жаңа сұрпын шығарды, деп хабарлайды 24KZ.
26 жылдан бері ғылым жолында зор табысқа жеткен Лаура Тохетова суармалы су тапшылығы мәселесін шешу жолында ізденістерге де ден қойған.
Табиғи селекциялық жолмен арпа мен бидайдың отандық 15 сұрпы пайда болды. Ал бір түрін шығару үшін 10-15 жылдай уақыт керек. Бұл – Лаура Тохетованың ұзақ жылғы ізденісінің жемісі. Зерттеу кезінде селекция саласындағы озық технологияларды да пайдаланған. Соның бірі күріштің пісу кезеңін қысқартуға бағытталған.
Лаура Тохетова, ауыл шаруашылығы ғылымының докторы, профессор:
- Былтыр алғаш рет осы кванттық технологиямен біз күріш сорттарын, яғни спутник арқылы, кванттық бөлшек деп аталады, сол арқылы біз күріштің өнімділігін 20%-ке көтердік. Сол арқылы біз осы күріш сорттарының вегетациялық кезеңін 10-15 күнге қысқарттық.
Лаура Тохетова – аграрлық ғылым саласы бойынша 300-ден астам мақаланың және үш монографияның авторы. Оның ішінде 15 зерттеу еңбегі халықаралық беделді ғылыми басылымдарда жарық көрген. Осындай бастамалары үшін Мемлекет басшысының стипендиясына лайық деп танылып, «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған.
Ибадулла Таутенов, ауыл шаруашылығы ғылымының докторы:
- Лаура Әнуарқызы ағылшын тілін еркін меңгергендіктен, шетелдік баспалар, бізде Scopus деген база бар, Web of Science деген база бар. Сол журналдармен байланыс жасап, біздің жас ғалымдарға көмектесіп, солардың мақалаларының шетелдік инфофакторы жоғары басылымдарға шығаруға өз үлесін қосып жүр.
Ауыл шаруашылығы саласында суармалы су тапшылығы өзекті мәселенің бірі. Егінді әртараптандырып, тіршілік нәрін аз қажет ететін дақыл түрлерін жерсіндіру – ғалымның негізгі мақсаты. Ол үшін көп жылғы ізденіс нәтижесінде қол жеткізген отандық арпа мен бидай сұрыптарын өндіріске енгізуді жоспарлап отыр.
Лаура Тохетова, ауыл шаруашылығы ғылымының докторы, профессор:
- Күріш ауыспалы егісінде күріштен кейін келесі жылы егіледі. Олар осы топырақта қалған табиғи ылғалды толық пайдаланып, бір суармай, жақсы өнім береді. 20-25 центнер гектардан.
Лаура Тохетова шәкірт тәрбиелеуге де ерекше мән береді. Себебі дәнді дақылдардың өнімділігі жоғары жаңа сұрыптарын дайындау үшін мықты селекционерлер керек. Сол үшін бар білгенімді жастардың бойына сіңіру – басты мақсатым, - дейді.
Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Нұржан Мұзарапшин, Айтмұхамбет Байділдаев.