Атыраулық оқушы газ бен өрттен сақтайтын құрылғы ойлап тапты
Атыраулық өнертапқыш оқушы газ бен өрттен сақтайтын құрылғы ойлап тапты, деп хабарлайды 24KZ.
11-сыныпта оқитын Қазбек Қыдырбай қазір тың туындысын патенттеуді қолға алған. Оқушы ойлап тапқан құрылғыға белгілі құрылыс компаниялары да қызығушылық танытып отыр. Білімді жаспен әріптесім тілдесіп қайтты.
Бұл – Қазбектің қолынан шыққан жаңа туынды. Газ бен өрттен сақтайтын құрылғының 4 нұсқасын дайындаған. Әр жасаған дүниесінің кемшін тұсын жетілдіріп, қазір теңдессіз нұсқасын құрыстырып шыққан. Сезімтал құрылғы кез келген жерде газ бен түтінді анықтап, дереу дабыл береді. Әрі ұялы телефон арқылы бақылап отыруға болады.
Қазбек Қыдырбай, жас өнертапқыш:
- Атырау облысында тұратынымды ескере отырып, біздің экологияның нашар болуы және жалпы табиғи ресурстарға бай болуын ескере отырып, біздегі өрт және газдың шығып, адамдардың уланып жатқан оқиғалары көп кездесетінін біліп, осы жобаны әзірлеген болатынмын. Бұл құрылғы тек газды сезбейді, сондай-ақ түтін, өрт болған кездегі жағдайды да ескереді.
Қазбек Қыдырбай қаладағы IT мектеп-лицейінде оқиды. Дарынды жас бос уақытында робототехника курстарына барып, білімін шыңдап жүр. Жетекшісі Асқар Алданмен бірге түрлі жоба дайындаған. Республикалық конкурстардан да олжалы оралып жүр.
Асқар Алдан, робототехника бойынша жетекші:
- Газды анықтайтын және өртті анықтайтын датчигі бар. Соны қолданып, ардуино деген микроконтроллер бар, соны қосып, ішіне бағдарлама жазып, сосын қосымша мобильді қосымша жазып, соны бір-бірін Bluetooth, не Wi-Fi арқылы бірнеше модель жасады. Өзі мекемелерге барып, өзінің жұмысын көрсетіп, солардың қызығушылығы бар.
Қазбек теңдессіз туындысын патенттеуді қолға алған. Қазір құжаттарын әзірлеп жатқанын айтады. Жаңа құрылғыға құрылыс компаниялары да қызығушылық танытып отыр. Жас өнертапқыш төл туындысын болашақта қолжетімді бағада сатылымға шығаруды жоспарлайды.
Авторлары: Асланбек Шығыр, Айбек Байзақов, Жандос Рахметуллин.