Астанадағы мектепке Шәкен Аймановтың есімі берілді
Бүгін әйгілі кинорежиссер, актер Шәкен Аймановтың туған күні екенін айттық.
Таяуда Астанадағы №20 мектепке оның есімі берілді.
Қайрат: Сонымен бірге биыл тағы 11 білім ордасы тарихи тұлғалардың атымен аталды. Олар Қасым Қайсенов, Рақымжан Қошқарбаев, Шерхан Мұртаза сынды қазақтың асыл перзенттері.
Абзал Балтабаев, тілші:
- "Тақиялы періште", "Біздің сүйікті дәрігер". Бүгін осы сияқты көптеген көрермен көзайымына айналған фильмдерді дүние әкелген тау тұлға Шәкен Аймановтың туғанына 110 жыл толып отыр. Қазақ киносы саңлағының мерейтойына орай елордадағы №20 мектепке талант иесінің есімі берілді.
Мектеп ұжымы бұл жаңалықты қуанышпен қабылдады. Білім ошағын Шәкен Аймановтың есімімен атауды қалалық білім басқармасы ұсыныпты. Себебі оқушылар арасында киноға түсіп, ән айтатын өнерлі өрендер өте көп.
Болат Бимендин, мектеп директоры:
- Осы оқу жылында біз Шәкен атамыздың арнайы кабинетін ашайық деп жатырмыз. Алдағы уақытта мұражай ашамыз. Сонымен қатар, Шәкен оқуларын өткізіп, семинарлар мен конференциялар өткізуді жоспарлап қойдық.
Дәл осындай жұмыстар қаладағы жаңа атауға ие болған мектептерде де жүргізіліп жатыр. Республикалық және қалалық ономастикалық комиссиясының мүшесі, ақын Дәулеткерей Кәпұлының айтуынша, ендігі басымдық көше мен жер-су атауларына беріледі.
Дәулеткерей Кәпұлы, ақын, ҚР Жазушылар одағы қалалық филиалының директоры:
- Жаңадан ашылған даңғылдар, сонымен қатар бұрыннан келе жатқан атауы жоқ мектептер бар. Жаңа мектептер салынып жатыр. Соларға біздің Алаш арыстарының есімдері беріліп, ұлықталып жатыр. Ол жағынан Астана көше жағынан болсын, мектеп атаулары жағынан болсын қазақшаланып келе жатыр. Алда тағы да осындай жұмысты жалғастырып, шама келгенше баяғы тарихи атауларымызға, байырғы елді мекендердің атауларына құрметпен қарай отыра, халықты да бір түсінікке әкеліп, тарихымызды түгендеп аламыз ғой деп ойлаймын. Бұл жер-су атауларына байланысты.
Иә, соңғы жылдары елімізде ономастикалық жұмыстар жемісін бере бастады. Тек елорданың өзінде соңғы екі жылда 30-ға жуық мектепке көрнекті қайраткерлердің есімі берілді. Жүзден астам көше тарихи атауларға ие болды.