Елде білім берудің жаңа стандарты дайындалуда
Онда Абай Құнанбайұлының «Толық адам» концепциясы негізге алынады.
Қазір Ы. Алтынсарин атындағы ұлттық білім академиясының ғалымдары осы іспен шұғылдануда. Жаңа үлгі дайын болса, 2025-2026 оқу жылынан бастап бастауыш сыныптарында ұлы ақынның идеясы тәрбие мен білім ісінің жолбағдарына айналады. Бұл жайлы Астанада өткен Оқу ағарту мен Ғылым және жоғары білім министрліктерінің кеңейтілген отырысында айтылды.
Қаныбек Жұмашев, Орта білім беру комитетінің төрағасы:
- Білім мен тәрбиені ұштастыру бағыттарында Ұлы Абайдың «Толық адам» концепциясы негізінде дайындалып жатыр. Бұл не деген сөз Абай меңзеген тәрбие құндылықтары адалдық, шындық, еңбекқорлық, жылы жүрек, ыстық қайрат осылардың барлығы енді әр пәнде тәрбиелік компанентті құрайды.
Ғылым және жоғары білім саласында да ақжолтай жаңалық көп. Мәселен, келер оқу жылында білім гранттары 5 мыңға көбейеді. Биылғы оқу маусымында мектеп түлектері үшін 73 мың грант бөлінген болатын, 2024 жылы оның саны 78 мыңға дейін артады. Сондай-ақ, барлық шәкіртақы түрлерін 15-20 пайызға өсіру жоспарланып отыр.
Жанна Есенбаева, Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру комитеті төрағасының орынбасары:
- 2024 жылдың 1-ші қыркүйегінен бастап студенттердің стипендиясы артатын болады. Магистранттар мен доктаранттардың 15 пайызға артады, ал бакалавриант деңгейінде 20 пайызға. Біздің негізгі көрсеткішіміз 2024 жылғы стипендияның көлемін 2020 жылмен салыстырғанда 80 пайызға. Ал 2025 жылы 20-шы жылмен салыстырғанда 100 пайызға арттыруды көздеп отырмыз.