«Бабалар ізімен: қазақ даласындағы мұсылмандық мектеп» кітабының тұсаукесері өтті
Елордада «Бабалар ізімен: қазақ даласындағы мұсылмандық мектеп» кітабының тұсаукесері өтті.
Шараға Мәдениет және ақпарат вице-министрі Қанат Ысқақов, еліміздің Бас мүфтиі Наурызбай қажы Тағанұлы мен Парламент депутаттары, қоғам қайраткерлері және ғалымдар қатысты. Негізгі 3 бөлімнен тұратын туындыда ислам дінінің қазақ даласына келу тарихы, халықтың салт-дәстүрінде діннің алатын орыны және сенім негіздері туралы баяндалған. Бұдан бөлек ата-бабаларымыз дәстүр мен дінді қалай ұштастыра білгендігі туралы толық жазылған. Кітапқа белгілі дінтанушылар мен ғалымдардың шығармалары енген. Барлығын жинақтауға 1 жылдай уақыт кеткен екен. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының қолдауымен жарық көрген туынды 5 мың данамен басылып шықты. Бұл кітапты енді елдегі мешіттер мен кітапханалардан табуға болады.
Наурызбай қажы Тағанұлы, ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти:
- Кейбір жастарымыз дінді терең білмеген немесе салт-дәстүрімізді білмеген жастар кейде білместіктен, кейбірі білсе де біздің салт-дәстүрімізге қарсы айтып қойып жатыр. Өкінішке орай, оны естіген адам білмегендіктен еріп кетуі мүмкін. Сондықтан біз осындай жағдайлардың алдын алу мақсатында осындай құнды ғылыми негізделген кітаптарды шығаруды қолға алдық.
Дихан Қамзабекұлы, Филология ғылымдарының докторы, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі:
- Бұны жазған азаматтардың барлығы белгілі дінтанушы, ғалым азаматтар. Бұлардың біразының дін мен дәстүр бағытындағы монографиялары бар. Сонымен бірге халықтың алдына шығып, үлкен мінберлерде баяндама жасап жүргендер.
Діни құндылықтар мен ұлттық құндылықтардың арасын табиғи түрде тарихта қалай болған солай көрсете білген. Бұл да зерттеушілердің концепциясын толық орындап шыққанын көрсетеді.