Тағы бір мектептің бухгалтері сотталды
Ақтөбе қаласының №2 соты Ақтөбе қаласының №55 мектеп-гимназиясының бас бухгалтеріне қатысты үкім шығарды.
Алдын алу шаралары аясында сот процесі ашық режимде жүргізілді.
Сот процесіне онлайн режимде білім басқармасы мен бөлімдерінің қызметкерлері, оның ішінде Ақтөбе облысының 403 қалалық және аудандық мектептерінің директорлары, бухгалтерлері, педагогикалық құрамы қосылды. Ақтөбе қалалық мектебінің бас бухгалтері аса ірі мөлшерде бюджет қаражатын жымқырғаны үшін сотталды. Ол 8 жыл бойына өзінің банктік шотына жалақы ретінде заңсыз аударымдар жасаған, нәтижесінде мемлекетке 413,8 млн теңге сомасында залал келтірілді, – делінген хабарламада.
Тек бір жылдың ішінде ол өзіне 200 млн теңгеден астам қаражат аударған, бұл бүкіл мектептің жылдық еңбекақы қорының 30% -ін құрайды.
Сот үкімімен оған 7 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды, сондай-ақ 10 жыл мерзімге материалдық жауапты лауазымдарды атқару құқығынан айырылды.