Абай облысында ұлттық аспаптарды үйренуге ниетті оқушылар көбейіп келеді
Абай облысының Көкпекті ауданында ұлттық аспаптарды үйренуге ниетті оқушылар жылдан жылға көбейіп келеді.
Жақында өңірде жетіген ансамблі құрылды. Қазір ауданда 60-қа жуық үйірме бар. Мыңнан астам бала сабақтан тыс уақытын сонда өткізеді.
Көкпекті ауылында жетіген сыныбы бір жыл бұрын ашылды. Осы уақыт аралығында ансамбль де құрылған. Ашылғанымызға аз уақыт болса да ұлттық аспапқа қызығушылардың қатары көп. Нәтиже де жоқ емес, дейді үйірме жетекшісі.
Мәншүк Сейітқазы, жетіген сыныбының жетекшісі:
- Бастапқысында 4 бала білім алды. Биылдан бастап міне бала саны көбейді. 11 балаға дейін жетті. Былтырғы балаларым былтыр жыл аяғында Алматы қаласында өткен республикалық конкурста екінші орын алып, лауреат атанды. Биылғы жылы екі оқушым Семей қаласында өткен облыстық байқаудан бірінші және екінші орын алды.
Көкпекті ауылындағы Оқушылар шығармашылық сарайы төрт жыл бұрын ашылған. Қазір осындағы 59 үйірмеге мыңнан астам оқушы қатысады.
Еркежан Тұрарбекова, оқушы:
- Бізге түгел үйірме ұнайды. Бірақ мен фетр алғым келеді. Сосын тігінге қатысқым келеді. Тігуге болады.
Әйгерім Сапарова, Көкпекті ауылының тұрғыны:
- Қызыма ұнайды, өзіме де ұнайды. Мүмкіндік өте көп негізі. Осындай ауданымызда оқушылар шығармашылық сарайының барына өте қуаныштымыз. Домбыра үйірмесіне, сальфеджио үйірмесіне, басқа актерлік шеберлік үйірмелері бар. Неше түрлі үйірме бар. Соларға бергіміз өте келеді.
Оқушылардың шығармашылығын шыңдайтын мәдениет ошағында соңғы жылдары жас мамандардың қатары көбейген. Жетігеннен сабақ беретін мұғалім «Дипломмен ауылға» бағдарламасымен келді.
Ділдәбек Оразбаев, Көкпекті ауданының әкімі:
- Соған біз арнайы маман алдырдық. Сол маманға квартира бердік. Осы акиматтың атынан. Қазір балалардың қызығушылығы өте көбейіп жатыр сол жетігенге. Алғашқы кезде бір жетіген болды. Одан кейін үшеу болды. Қазір он шақты жетіген пайда болды. Он шақты бала жетігенмен айналысып жатыр. Тартып жатыр.
Ауданда 2 мыңға тарта оқушы түрлі үйірмеге барады. Шығармашылық сарайының 7 ауылда филиалы бар.
Асқар Сүлейменов, оқушылар шығармашылық сарайының директоры:
- Біздің мақсатымыз балалар мектептен тыс уақытта бос уақыттарын тиімді өткізу болады. Биыл енді оқу жылында робототехника үйірмесі ашылды. Және де ағылшын үйірмесі, шахмат, спорт секциялары, панкратион спорт секциясы ашылды. Қазір келем деушілер көп. Есік ашық. Өйткені бізде үйірмелердің, 59 үйірменің барлығы тегін.
Аудан орталығы Көкпекті ауылында 35 үйірме жұмыс істейді. Қазір оның өзі аздық етіп отыр. Алдағы уақытта үйірме саны көбейеді, дейді жергілікті билік өкілдері.
Азамат Қасым, Медет Өмірханов