Таразда жас ғалымдар жарысы өтіп жатыр

Таразда 900-ге жуық оқушы республикалық ғылыми жобалар конкурсында бақ сынап жатыр, деп хабарлайды 24KZ.

Жас ғалымдар 5 күн бойы 19 бағыт бойынша тың идеяларын ұсынады. Жеңімпаз атанғандар ел атынан әлемдік көрмелерге қатысады.

9-сынып оқушысы Нәзерке Амидулла нан мен ас-ауқаттан көп қалдық қалатынын айтады. Жас өнертапқыш сол қажетсіз нан қалдығын кәдеге жаратпақ. Жусан, жоңышқа мен бидай кебегін нан қалдығына қосып құрама жемнің бірнеше түрін жасаған. Тіпті оны жеген жануар тез арада ет қоса бастапты. Бұл қалдықтан табысқа кенеліп, экологияға келетін залал көлемін азайтуға болады, – дейді оқушы. 

Нәзерке Амидулла, оқушы:

- Өте тиімді десек болады. Себебі басқа жобаларға қарағанда жобаның құны 24 млн теңгені құрайды. Өтелу мерзімі 9 ай. Бағасы да өте тиімді. Себебі бұл нарықта жалпы сапасына қарай 2000 теңгеден жоғары басталады. Ал біздің жобамыз 5 келі жемнің өзіндік құны болатын болса 1220 теңгеден.

Республикалық конкурсқа Нәзерке секілді 900-ге жуық оқушы жаңалығын ала келген. Олар жалпы білім беретін пәндер бойынша 679 жоба ұсынып отыр. Үздіктерді 70-ке жуық ғылым кандидаттары, PhD және ғылым докторларынан құралған қазылар алқасы анықтайды.

Ахан Әбжалелов, қазылар алқасының төрағасы:

- 5 критерий қойып отырмыз. Негізгі – ол жұмыстың өзектілігі және жұмыстың мақсаты, міндеті. Екіншісі – ғылыми жаңалығы. Оқушының немесе түлектердің өз қолымен жасауы. Жалпы ғылымға қызықтыру ғой. Білімге, ғылымға. Мысалы, кез келген өркениетті мемлекет болатын болса, бізде білім-ғылым қатар жүруі керек.

Үздік шыққан жобалар АҚШ-тағы Дүниежүзілік ғылым және техника көрмесіне қатысады. Сонымен қатар 20-ға жуық жеңімпаз бен жүлдегерге елдің беделді жоғары оқу орындарының білім гранттары беріледі.

Авторлары: Мерей Бает, Бақытжан Бапаев, Елдар Байділдә.