Мамандар көне жәдігерлерді жаңа әдіспен зерттейді
Павлодарлық археологтар қимақ қорғандарынан табылған көне жәдігерлерді энтомологтардың көмегімен зерттеп жатыр, деп хабарлайды 24KZ.
Бұл әдіс алғаш рет қолға алынды. Мамандар ежелгі жәндіктер арқылы көне зираттың қай уақытта пайда болғанын анықтайды.
Археологтар соңғы жылдары ескі қорғаннан табылған сүйектерді жатқан орнымен бірге қазып алатын болған. Себебі топырақ құрамында көптеген ағзалардың қаңқасы сақталады. Бұрын оның қосымша дереккөзі болатынына мән берілмеген.
Тимур Смағұлов, Археологиялық зерттеулер институтының директоры:
- Қазба жұмыстары кезінде көне жәндіктердің көптеген қалдықтары табылды. Бізге қимақ қағанатын зерттеуде алғаш рет ғылыми ақпарат алуға мүмкіндік туды.
Зоология институтының мамандары Павлодарға арнайы келді. Энтомологтарды жәндіктердің жақсы сақталған экзоскелеті қызықтырып отыр.
Сергей Титов, Зоология институтының ғылыми қызметкері:
- Жәндіктердің қалдықтарын зерттей келе, олардың түрін анықтай аламыз. Осы ақпаратты пайдалана отырып, бұл адам жылдың қай мезгілінде, қай маусымда жерленгенін білуге болады. Яғни, бұл – археологтар үшін керек ақпарат көзі.
Археологтар Байдалы ауылына жақын орналасқан қорғанды 2016 жылы тапқан. Қимақ күймесі Алматы қаласында танымал реставратор Қырым Алтынбековтың жетекшілігімен қалпына келтіріліп жатыр.
Асқар Әбілдин, Ә. Марғұлан атындағы университеттің ғылыми қызметкері:
- Осы күйменің астында жатқан, міне, қазір осы жерлеудің басы көрініп тұр. Күйменің астында 2 адам жерленген. Біреуі жасы үлкенірек кісі болған. Бас жағында ер-тоқымы орналасқан. Екіншісі – кішкене жастау адам.
Осылайша, ғалымдар қимақ қағанатының құпиясын ашуға мүдделі. Аз уақытта алғашқы зерттеу нәтижелері белгілі болады. Археологтар үшін жәдігерлердің кай кезеңге тиесілі екенін білу маңызды.
Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Дәулет Қошқарбаев, Марат Игіліков.