Шағатай шығыс түркілерінің тілі болған
Біздің тарих Шағатай тілінде жазылған.
Он ғасырға жуық уақыт бойы қазақ халқы араб-парсы графикасына негізделген әліпби жүйесін пайдаланды. Ол графика «шағатай жазуы», «шағатай тілі» деп аталып келген.
Шағатай тілін Шыңғыс ханның ұлы Шағатаймен байланыстырады. Заманында шығыс түркілерінің ортақ тілі болған. Ғалымдар қазір шағатай тілінде жазылған дүниелерді зерттеп, аударып жатыр.
«Дин бирауагыз шикаш огоуздан дигаш дин Шынгисханға дигаш»
Әуезі бөлек, бұл тіл - Шағатай тілі. ХХ ғасырдың басына дейін Азиядағы шығыс түркілерінің жазба және сөйлеу тілі болды. Біздің баба-тарих осы тілде жазылған.
Мұхамедқали Баймұқанов, түркі-шағатай емлелерін зерттеуші:
- Біздің алтын орданың тілі бүкілі осы шағатай тілінде жатыр қысқасы. Яғни 1203 жылдары бастап деуге болады Шыңғысханнан кейінгі ұрпақтан басталған бүкіл Алтын орданың тілі, жазылған тарих айталық анау Махмұт Қашқари, Қадырғали Жалаиыр, Сарай осылардың барлығы шағатай тілінде жазылған.
ХІV ғ. аяғында Орта Азияда Әмір Темір түркілердің басын біріктірген соң да, ортақ бір тіл, яғни шағатай тілі үстемдік құрды. Өз заманында мәдени-ғылыми ошақтарда кеңінен таралған шағатай тілі, жан-жаққа шашырап кеткен түркі тілдерінің басын біріктірді. Сөйтіп, ХХ ғ. басына дейін қолданыста болды.
Алмат Абсаликов, Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығының бас сарапшысы:
- Шағатай тілі не үшін керек? Біздің тарихи еңбектер немесе жазба әдебиет шағатай тілінде жазылған көбінесе. Соны жақсы білу үшін шағатай тілі мамандары керек. Жалпы қазір ресми түрде оның қажеті жоқ.
Мұхамедқали Баймұқанов, түркі-шағатай емлелерін зерттеуші:
- Кеңес үкіметіне мұның жоқтығы жақсы болған. Өйткені біздің тарихымыз сонда жатыр бүкіл жазылған. Сондықтан оны олар құртып жібергендіктен шағатай тілі күні бүгінге дейін көтеріле алмай отыр. Яғни бұл қазір зерттеудің тілі.
Кеңес өкіметі алдымен молдаларды қудалап, ескі кітаптарды өртегені белгілі. Сол көне кітаптармен бірге шағатай тілі де кетті. 1929 жылдан бастап он жыл латын алфавитін, одан күні бүгінге дейін кириллицаны қолданып келеміз. Ал шағатай тілінде жазылып, алмағайып замандардан әупірімдеп аман қалған бірлі жарым дүниелер қазақтың төл тарихын әйгілейді. Көне жазулар там-тұмдап жарыққа шығып жатыр.
Асантемір Қаршығаұлы, Бағдат Қайыркен