Ғылымды қолдаған кәсіпкерлерге жеңілдік
Қазақстандық кәсіпкерлер отандық бизнеске инвестиция құюға қызығушылық танытпайды.
Осыған байланысты ынталандыру саясатын арттыру үшін бизнес иелеріне салықтық жеңілдік немесе 100 проценттік шегерім жасау ұсынылып отыр. Мәселен, зерттеу университеттері жанынан ғылыми орталықтар ашуға және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар жүргізуге жұмсалған қаражат көлемі алдын ала төленген салық мөлшері ретінде саналады. «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» бұл заң жобасы Сенат пен Мәжіліс депутаттарының бастамасымен әзірленді.
Асхат Аймағамбетов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Мысалы, егер белгілі бір альфа компаниясы Сәтпаев атындағы зерттеу университетінің ғылыми зерттеу орталығын ашып, оған 100 млн тг қаражатын жұмсаса, онда ол компания ертең салықты төлегенде дәл осы 100 млн тг құнын шегеріп, осындай преференция алатын болады. Екіншіден, салық салынатын соманы азайту. Жеке компания үшін тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға жұмсалған шығыстар бойынша салық салынатын сомасын 50 процентке азайту ұсынылады.